Жомарт Ертаевтың арбауына түскен әйел шындықты айтты
Мәскеуде үй қамақта отырған Жомарт Ертаевқа қатысты жаңа дерек айтылды. Ірі көлемдегі қаржы жымқыруды әшкерелеген қылмыстық іс бойынша күдікке алынған Татьяна Пактың күйеуі Евгений Пактың айтуынша, олар Ертаевтың арбауына түсіп қалған. Алғашында банкирдің көрсетуімен жалған сөйлегенін айтқан ол қазір шындықты жария етуге бел буған бізге Ертаев тарапынан қоқан-лоқы жасалып жатыр дейді.
Автор: Мақсат Мәлік
24.09.2018
Евгений Пактың айтуынша, 1 жыл бұрын Жомарт Ертаевтың өтінішімен Алма-ТВ-ның 100 пайыз акциясын иеленген «Ордабасы Комьюникейшенс» компаниясын әйелінің атына рәсімдейді. Алайда бәлелі іске бармақ тыққанымызды кейін бір-ақ білдік дейді ол.
Евгений Пак:
-Келісім жасалғаннан кейін бұл компанияның РБК банкіне 30 миллиард теңгеден астам қарыз екені анықталды. Оны Ертаев кезінде несие есебінде алыпты. Кейін оған қаржы жымқыруға қатысты қылмыстық іс қозғалғанда тергеу органдары әйелімді аталмыш келісім бойынша жауап беруге жиі шақыра бастады. Бірақ, адвокаты арқылы әйелімді қорғауға кіріскен Ертаев бізге шындықты жасыруға, ал компанияны бөліп төлеу арқылы сатып алдық деп айтуға көндірді.
Осылайша жазығымыз жоқ деген Евгений Пак, бар дүниені қаз-қалпында жеткізсек қылмыстық іске тартыламыз деген арбауға иланғанын айтады. Алайда соның кесірінен әйелім жарты жыл тергеу абақтысына қамалып шақты дейді ол. Айта кетейік, халықаралық іздеуде болған кәсіпкер Жомарт Ертаев биыл мамыр айында Мәскеуде ұсталған еді. Оған РБК банкінің директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі болған тұста ауыз жаласқан компанияларға қайтарымсыз несие алып беріп, 80 миллион доллар жымқырды деген айып тағылды. Ал, Евгений Пак Мәскеуде үй қамаққа алынған Ертаевтың әлі де жымысқы істер атқарып келе жатқанын айтады.
Евгений Пак:
-Оған телефонмен байланысқа шығуға, интернет қолдануға тыйым салынған. Бірақ бұған пысқырып қарамайтын ол уатсап желісінде топ құрып, қылмыстық іс пен өзін экстрадициялауға қатысты жайттарды талқылап, түрлі бұйрық береді. Тіпті, мен Қазақстанға келген соң 2-ші қыркүйекте оның екі жақын адамы үйіме кіріп, туысқандарым мен екі кішкентай баламды қорқықтан. Сөйтіп телефонымды алып кетіпті.
Бір қызығы, бәлелі істің құрбаны болдық деген Евгений Пак пен Жомарт Ертаев 2009 жылы Алматыдағы тергеу қапасында танысыпты. Ол кезде банкир «Альянс» банкінің қаржысын жымқырды деген күдікке алынса, Пак жалған кәсіпкерлікке қатысты шатылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!