"Не деген ұятсыз адамсыз?": Жібі түзу жол сұрап келген жұртқа шенеунік жекіп тастады
Талдықорған іргесіндегі Ынтымақ ауылының оқушылары мектепке жаяу баруға мәжбүр. Себебі, елді мекенде тұрғындарды тасымалдайтын қоғамдық көлік қарастырылмаған. Олар ауыл маңындағы аялдамаға бару үшін күнде 6 шақырым жаяу жүреді екен. Сондай-ақ, мұнда жарық пен су жоқ. Ал шенеуніктер мәселені шешуге асығар емес дейді ашынған жұрт. Бірақ атқамінерлер жағдайдың жақында дұрысталатынын айтады.
Автор: Әсем Лесбек
24.09.2018
Қала іргесіндегі Ынтымақ ауылының құрылғанына 10 жылға жуықтаса да тұрғындардың басым бөлігі жолсыз, жарықсыз әрі сусыз отыр. Құзырлы орындардан күдер үзгендердің біразы жағдайды өздері реттеуге кірісіп жарықты өзгеден ұрлап, ауыз суды алыстан тасып ішіп жүр. Сондай-ақ, жол мәселесі де тұрғындарды әбден қажытумен келеді. Олар ойқы-шойқы жолдың кесірінен ауылда көлік қатынамай, балаларымыз сабаққа баруды доғарды дейді.
Динара Құдагелдинова, Ынтымақ ауылының тұрғыны:
-Бізде төртінші маршрутка жүреді, бөлінген. Бірақта ол қалаға бармайды. Біздің балалар ол автобусқа отыра алмайды. Жалғыз мен емес, менің көршілерім де қалада жұмыс істейтін адамдардың бәрі сол 13-ке жаяу баруға тура келеді.
13-ші нөмір дегені ол осы ауылдан қалаға қатынайтын жалғыз автобус. Тұрғындар оған отыру үшін ауыл шетіндегі аялдамаға 6 шақырымдай жаяу жүретін көрінеді. Сондай-ақ, мұнда әр үйден мектеп жасындағы 3-4 оқушы бар. Олар күнделікті сабаққа жарықтың жоқтығынан дұрыстап дайындала да алмайды дейді тұрғындар
Айжан Жұмаділова, Ынтымақ ауылының тұрғыны:
-Міне, 11 жыл болыпты, бұл жерде тұрғанымызға. Сол жылдан бері бұл жерде жарық су әлі жоқ, жасалмаған. Шот ашып заңды түрде жарықты ескі трансформаторға жалғатайық десек, бізге рұқсат берілмей жатыр. Ол ескі трансформатор өртеніп кетеді дейді. Бағаналардың барлығын осы жерде тұратын тұрғындар 30 мың теңге ақша шығарып сатып алып қойған.
Жазда тобықтан шаң, қыста қар кешіп жүрген жұрт ауылдағы жағдайды айтып жергілікті билікке талай барған. Алайда одан еш нәтиже көрмедік дейді. Ашынған тұрғындар бүгін де су, жарық, жол мәселелерін шешуді өтініп, әкімдікке бас сұқты.
Марлен Көлбаев, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары:
-Не деген ұятсыз адамсыз сіз? Жаңа ақсақалдылардың бәрі апалардың бәрі тыңдады ғой. Әрқайсысыңыз келе бересіздер, мен бәріңе жеке-жеке айта бермеймін ғой.
Әкімдіктегілер бұл жолы да тұрғындарды әдеттегідей сабырға шақырып, сәл шыдай тұруларын өтінді. Әрі мәселенің барлығы жақында толығымен шешіледі деп сендірді. Алайда құрғақ уәдеге тойған жұрт, осыдан соң түйткіл шешілмесе сотқа арыз жазуға бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!