Жатақханадағы жұмбақ өлім
Жатақханадағы жұмбақ өлім. Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті көз жұмды. Механика-математика факультетінің бірінші крусында оқитын Нұрдос Айтбаев жедел жәрдем жеткенше жан тәсілім еткен. Кейбір деректерде екі студент жатақхана бөлмесінде әлдебір есірткі затын қолданып, кейін бірінің жағдайы нашарлап кеткен. Бірақ, марқұмның туысқандары мұндай мәліметке сенбейтіндерін айтады. Сондай-ақ, Айтбаевтың жақындары жаны қысылған студентке не үшін 3 сағат бойы жедел жәрдем шақырылмағанын түсінбейміз дейді.
Автор: Мақсат Мәлік
25.09.2018
Полицейлермен текетіресіп, есіктен әрі аттауға талпынғандар марқұм Нұрдос Айтбаевтың туысқандары. Себебі, механика-математика факультетінің бірінші крусында оқитын студент жатақханадағы осы бөлмеде көз жұмған. 19 жастағы жігіт отбасыдағы үш қыздың үлкені, яғни жар дегенде жалғыз ұл екен. Ал, төбеден жай түскендей күй кешкен туыстарының айтуынша, сол күні әпкесінің жанында келе жатқан оған Арман есімді жігіт хабарласыпты. Лезде көңіл-күйі бұзылған ол, іле-шала жатақханаға асыққан. Бірақ, арада көп уақыт өтпей туысқандарына жайсыз хабар жетеді.
Серік Шайманов, марқұмның туысы:
-Маған әуелі 9-дар шамасында хабарласты да, жағдай нашар деді. Кейін іле-шала қайтыс болғанын жеткізді. Жатақханаға келген кезде оның кешкі 6-дан бастап халі ауырлай бастағанын естідік. Сонда оған ешқандай алғашқы көмек көрсетілмеген. Қазақ Ұлттық университеті секілді білдей білім ордасында алғашқы медициналық көмек ұсынатын орталықтың болмауы өте өкінішті.
Марқұмның туысқандары әуелі оған жанындағы жігіт өз бетінше көмек көрсетуге тырысқанын айтады. Алайда, 3 сағат бойы неге жедел жәрдем шақырылмағанын түсінбейміз дейді туысқандары. Бейресми дерек бойынша бөлмедегі екі студент есірткі қолданды деген ақпарат бар. Бірақ, жақындары мұндай мәліметке сенбейміз дейді. Ал, студенттің ауыр жағдайын ести сала атқа қондық деген университет өкілдері, оның жедел жәрдем жеткенше жаны үзіліп кеткенін жеткізді.
Дәурен Дүйсебаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасөз қызметінің жетекшісі:
-Екеуі де бір курстың, механика-математика факультетінің студенттері. Бөлмеде екеуі болған. Біреуі кәмелеттік жасқа толмаған. Біз қазір оқиғаны жан-жақты зерттеу үшін барлық мүмкіндікті жасап жатырмыз.
Ал, кәмелетке толмаған 17 жастағы екінші студент Ақтөбе облысының тумасы. Алайда, оқу ордасының қызметкерлері мәселенің мән-жайын толық білмейміз деп жалтарды. Ал, полицейлер аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын айтады. Бірақ, сот-медициналық сараптамада Нұрдос Айтбаевтың белгісіз заттан уланғаны жазылған.
-Университет басшылығы қайғылы оқиғадан соң студенттер арасында қосымша түсіндіру жұмыстары күшейгенін айтады. Сондай-ақ, қолдан келгенше қайғыдан қан жұтқан отбасыға материалдық көмек көрсетеміз деп отыр. Ал, марқұмның денесі бүгін туған қаласы Екібастұзға жөнелтіліп, сонда жер қойнына тапсырылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!