Қасымов рейдерлік жасады деп күдікке ілінген генералға қатысты түсініктеме берді
Павлодар облыстық Ішкі істер департаменті бастығы, генерал-майор Амантай Әубәкіровтың басы дауға ілікті. Мүйізі қарағайдай генаралды АҚШ азаматы Александр Ли мейрамхана мен компаниямды рейдерлік жолмен тартып алды деп айыптауда. Америкалық кәсіпкер бейнеүндеуінде бұл жайтқа полиция бастығының жұбайы мен күйеу баласының да қатысы барын айтыпты. Ал үш жыл орынбасары болған қарамағындағы қызметкерін жамандыққа қимаған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов байбалам салуға әлі ерте екенін айтады.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
25.09.2018
АҚШ азаматы бизнесімді тартып тартып алды деп айыптаған генерал әп-сәтте әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Александр Ли жұртты елең еткізген үндеуінде Павлодар облысының білдей Ішкі істер департаментінің бастығы Амантай Әубәкіровті осылай деп кінәлады.
Александр ЛИ, АҚШ азаматы:
-Оның қызы мен күйеу баласы компаниямның материалдық құнды заттарын иемденді. Ал әйелі алкоголь импортымен және көтерме саудасымен айналысатын компаниямды өз бақылауына алды. Бұл әулеттің заңсыз әрекетінен келген шығын 69 миллион теңгеден асады
Ал Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2012 жылы генерал-майордың жұбайы америкалық кәсіпкермен бірігіп, компания ашыпты. Полиция бастығының отбасы мүшелері Александр Лимен бизнестерін ұзақ жылдар бойы бірге дөңгелеткен. Алайда былтыр құрылтайшылар ымыраға келе алмай, араларында жік туған көрінеді.
- Бүгінде дауға айналған мейрамхананың есігі жабық тұр. Испан мейрамханасы алты ай бұрын жұмысын тоқтатыпты. Осы маңдағы тұрғындардың айтуынша, мейрамханадан жыл он екі ай адам аяғы үзілмеген.
Миллиондаған табыс әкелген қаланың қақ ортасындағы мейрамхананы бөлісе алмаған кәсіпкерлердің дауы ушыға түскен. Әубәкіровтер бүгінде компанияның жарты үлесін бәзбіреулерге сатты деп үндеу жолдаған Александр Лидің өзін сотқа берген. Басы дауға қалған бұрынғы орынбасары туралы үн қатқан министр Қалмұханбет Қасымов істің ақ-қарасы тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін белгілі болатынын айтады.
Қалмұханбет ҚАСЫМОВ, ҚР Ішкі істер министрі:
-Павлодар бастығының қазір соты өтіп жатыр. Біздің департамент тексеру өткізіп жатыр. Прокуратурада іс қозғап, тексеріп жатыр. Сот шешімін шығарғаннан кейін біз де шешім шығарып баяндаймыз.
Генерал-мойор Амантай Әубәкіров алты жыл елорда тыныштығын күзетіп, 2017 жылы Павлодар облысы Ішкі істер басқармасының басшысы болып ауысады. Ол жоғарғы жетістіктері үшін II дәрежелі "Айбын" және "Даңқ" ордендерімен мараппаталған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!