Ақтөбеде оқушыны сабап тастаған инспектор қызметінен шеттетілді
Ақтөбедегі маңдайалды мектептердің бірінен дау шықты. Білім ошағындағы тәртіпке жауапты инспектор оныншы сынып оқушысын ұрған. Осы оқиғадан кейін 22 жастағы тәртіп сақшысы қызметінен шеттетілді. Әлеуметтік желіде полицей балаға электрошокер қолданғаны да айтылып жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
26.09.2018
- Мектептегі тентектерді тезге салуға міндетті инспектордың өзі шатақ болып шықты. Оның оныншы сынып оқушысын сабағаны расталды. Мұны естіген сондағы балалардың ата-аналары шошынып отыр.
22 жастағы тәртіп сақшысының бұл мектепке келгеніне не бары үш апта болған. Ол гимназияның тәрбие ісі жөніндегі орынбасарымен бірге тексеру жүргізген екен. Сол кезде бір оқушының сабаққа спорттық киіммен келгенін анықтайды. Оны бөлмесіне алып кетіп соққыға жығады. Жұдырықтап жатқан полицейден баланы мұғалімдер арашалап алған. Дереу дәрігерге көрсетіпті.
Сәния Дәнішова, №2 мектеп-гимназияның директоры:
-Оқушы мен мектеп инспекторы сөзге келіп қалған. Тәртіп сақшысы оны соққыға жығып, қызметтік мансабын пайдаланып далаға дейін шығарып жіберген. Қазір енді тексеру жүріп жатыр.
Тәртіп сақшысынан таяқ жеген оқушының мына суреті әлеуметтік желіде тарап кетті. Онда тек жарақаттары ғана көрсетілген. Әйтсе де, есімін жасырған тұрғын баланы инспектордың электрошокермен бірнеше рет нұқығанын айтады. Бірақ мұны ішкі істер департаментіндегілер жоққа шығарды.
Инспектор қазір жұмыста емес. Тексеру біткенше қызметінен шеттетілген. Бірақ жәбір көрген оқушының ата-анасы кешірім беріпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!