Ақтөбелік шенеуніктер оқушыларға әліппе тауып бере алмай отыр
Ақтөбелік шенеуніктер оқушыларға әліппе тауып бере алмай әлекке түсіп жатыр. Білім бөліміндегілер бірінші сыныпқа баратын оқушының санынан шатасып, баспаханаға дұрыс тапсырыс бермеген. Соның салдарынан мектеп табалдырығын енді аттаған балалардың жартысында бір айдан бері оқулық жоқ.
Автор: Жаңалық Ахаш
27.09.2018
Қала шетіндегі мектептің бірінші сынып оқушылары бір айдан бері әлі әліппенің бетін ашпаған. Тегін таратылатын оқулық бұларға жетпей қалыпты. Математика мен сауат ашу оқулығы да жоқ.
Гүлбахрам Елбаева, тұрғын:
- Жалғыз түйір жаратылыстану беріп тұр. Әліппені білмейтін бала, ешқандай алфавит білмейді. Жаратылыстанудан маған не пайда, не қайыр, әліппе жоқ болса?! Кітап болмаған жерде білім бола ма?
Оқулықтың жоқтығынан мұғалімдер де қиналып кеткен. Өткен сабағының тапсырмасын суретке түсіріп, ата-аналарға ұялы телефон арқылы тартуға мәжбүр. Одан қалды көшірме жасайды.
Гүлзипа Байжанова, №70 мектеп директорының орынбасары:
- Күнделікті оқулық болғаны жақсы ғой. Бірақ енді ксеркстан өткізіп, бар мүмкіндігімізді жасап жатырмыз.
Қазір тек бір мектептің емес, қаладағы бірінші сыныпқа баратын мың жарым оқушының оқулығы жоқ. Шенеуніктер бала санынан «шатастық» деп отыр. Өйткені, білім министрлігі биыл алты жасқа толмаған бүлдіршіндерге де сабаққа келуге рұқсат берген. Сондықтан мектеп табалдырығын жаңа аттаған шәкірттердің саны көбейіп, кітап жетпей қалыпты.
Дина Халетова, Білім бөлімі басшысының орынбасары:
- Біз тоғыз мыңдай бала алғаш партаға отырады деп жоспарлаған едік. Енді білім министрлігінің бұйрығынан кейін тағы мың жарым бала қосылды. Сол себепті кітап жетпей қалды.
Бірінші сынып оқушыларына жетпей қалған оқулыққа жергілікті бюджеттен шұғыл түрде 100 миллион теңге бөлініпті. Бірақ ол ақшаға қашан кітап жеткізетіні әзір белгісіз. Ал тамыз мәслихатында білім саласына жауапты шенеуніктер аймақтағы барлық оқушыны тегін оқулықпен толық қамтыдық деген еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!