Мемлекет екінші деңгейдегі банктерді құтқаруға қыруар қаржы жұмсап жатыр
Екінші деңгейдегі банктерді құрдымға кетуден құтқару үшін мемлекеттің миллиардтаған қаржысы жұмсалуда. Бүгін Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Цеснабанкке150 млрд. теңге қаражат аударылғанын жеткізді. Бас банкир экономикамыздың дамуына үлес қосатын ірі банктерді қолдауға қарсы емес.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
27.09.2018
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
- Цеснабанктің ахуалы Ұлттық банк бақылауында. Бұл қаржы ұйымы Агробизнесті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға белсенді атсалысып келеді. Оның үлесіне ауыл шаруашылық саласын несиелендірудің 65 пайыздан астамы тиесілі.Сол себептен,аталмыш банктен сомасы 450 миллиард теңгені құрайтын несиелер портфелі сатып алынады. Мұндай шешім отандық шаруаларды қолдау мақсатында қабылданып отыр.
Төраға валюта секторындағы тұрақсыздықтан қаймығып қалған жұрт қаражаттарына алтын алуға жұмсап жатқанын айтты. Бұл сары металл құнын ешқашан жоғалтқан емес. Биыл 10,20,50,100 граммдық құймалар сатылымға шығарылып, екінші деңгейдегі банктер жалпы салмағы 175 келі алтын сатыпты. «Жоспарлаған алтынды саттық» деп қуана айтқан Данияр Ақышев болашақта 12-13 келілік алтын құймаларды саудаға шығаруды ойластырып отыр. Ал теңгенің тағдырына қатысты Ұлттық банк әдеттегідей оптимистік пікірде. Айтуынша, АҚШ-тың Ресейге салынатын кезекті санкциясы теңгені теңселтпейді. Себебі, рубльге қарағанда төл ақшаға өзге де сыртқы факторлар әсер етеді. Ол - мұнай бағасы, сауда-саттық серіктес елдердің валюта бағамы. Ал осы ретте мұнай баррелі бір екпінмен өсіп келе жатқанын айта кетейік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!