Генерал-майор Амантай Әубәкіровке қатысты дау басқаша өрбіді
Павлодар облысы Ішкі істер депатраментінің бастығы, генерал-майор Амантай Әубәкіровке қатысты дау басқаша өрбіді. Бүгін төрт айдан бері жұмысын тоқтатқан мейрамхананың ұжымы АҚШ азаматының айтқан сөзін терсіке шығарды. Сондай-ақ, полиция бастығының жұбайы Светлана Әубәкірованың да айтар уәжі бар екен. Кәсіптерін бөлісе алмай жүрген құрылтайшылар мәселесін тілшіміз зерделеп көрді.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
27.09.2018
Видеода АҚШ азаматы мейрамхана ұжымына жаңа басшыны таныстырып, қызметкерлерді тым-тырақай қуып жатыр. Өзге құрылтайшылардың келісімін алмай үлесін сатқан америкалық кәсіпкердің әрекетін жұмысшылар түсіне алмай дал. Енді далада қалғандар төрт айдан бері аталмыш мейрамхана есігін торуылдап жүр. Олар Александр Лидің жар салып айтқаны шындыққа мүлдем жанаспайды дейді.
Жанар Аймұшева, аспаз:
- Ол есіктің құлпын ауыстырып, сөмкемізді тексеріп, мейрамхананы босатуды сұрап қуып шықты. Рейдерлік басып алу деп айтатынын түсінбеймін. Өйткені ол өзі келіп, өзі барлығын жауып тастады. Басқа адамды әшкерелеу дұрыс емес деп ойлаймын.
Әу бастан мейрамхана мен қымбат шарапты импорттайтын компанияны үш адам ашады. Полиция бастығының жұбайы мен тағы бір шетел азаматы Джефри Соколин бизнестің дамуына миллиондаған қаржы құйып, барлық кәсіпті Александр Лиге сеніп тапсырған. Алайда Алматыда туып өсіп, кейін Америкаға барып азаматтығын өзгерткен кәсіпкер бұл жайтты өз пайдасына асырып, бизнесті құрдымға жіберді дейді компанияның бас есепшісі.
Татьяна Сигида, бас есепші:
- Александр Ли кассаның кілттерін алып, дерек базасынан өзінің былықтарын жоюға тырысты. Ең қызығы, Лидің күзетшілері қазір мейрамханада отыр. Бұл жерге өз адамдарынан басқа ешкім аттап баспайды. Бізде оның заңсыздығын айғақтайтын барлық видео мен құжаттар бар. Екіжүзді нағыз алаяқ екеніне көзіміз анық жетті.
Генерал-майордың жұбайы Светлана Әубәкірова Лидің үндеуін көргенде «төбемнен жай түскендей күй кештім» дейді. Ол бизнес серіктесінің құйтырқы әрекеттерін жіпке тізді. Енді АҚШ азаматы былықтарын жасыру үшін күйеуімнің атақ-абыройын пайдаланып, қоғам назарын өзіне аудартқанына сенімді.
Светлана Әубәкірова, А.А.Әубәкіровтың зайыбы:
- 2017 жылға дейін біз табыс дегенді ұмыттық. Ли мырза әр нәрсені сылтауратып, кірістен гөрі шығыс көп деп айтып жүрді.Сосын ең басты құрылтайшымыз Америкадан ұшып келіп, бизнестің есеп-қисабын қарады. Жағамды ұстадым. Ол қыруар қаражатты туысқандарына аударғанын анықтадық. Көп ақшаны қалтасына басқанын білдік. Еріксіз сотқа жүгіндік. Бұл бизнеске күйеуімнің еш қатысы жоқ.
Александр Лимен соттасып жүрген құрылтайшылар бизнесті ары қарай дөңгелету үшін тағы бір компания ашыпты. Ол генерал-майор Амантай Әубәкіровтің қызына тиесілі. Сотта АҚШ азаматының былығын әшкерелесек, мейрамхананың жұмысы ары қарай жалғаса береді дейді олар. Алайда бизнесті бөлісе алмаған кәсіпкерлер дауы әлі ұзаққа созылатын түрі бар.
Айта кетейік, рейдерлік тартып алу жөнінде үндеу жолдап, елді дүрліктірген Александр Ли полиция бастығының сыныптасы, әрі жақын досы болған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!