Біртанов ақшаға сатылған медициналық колледждерге шүйлікті
Білімді бизнеске айналдырған. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қаптап кеткен жекеменшік медициналық колледждерге шүйлікті. Айтуынша, бұл оқу орындарындағы білім сапасын қадағалап жатқан біреу жоқ.
Автор: Ербол Тұрымбет
28.09.2018
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-Ол бір ерекше бизнес болып кетті. Өңірлерде лицензиясын алады. Әрі қарай ешкім сапасын тексермейді. Диплом бере салады. Ертең олар көбісі жұмысқа да тұрмайды. Бірақ та осылай диплом алып жүр. Осыны шешу үшін біз арнайы тәуелсіз сараптама жасаймыз. Білімдерін тексереміз.
Біртановтың айтуынша, елімізде мейірбикелерді даярлайтын 76 колледж бар. Олардың тек 25 пайызы ғана мемлекеттік, қалғаны жекеменшік. Осындай олқылықтарды реттейтін заң жобасы Мәжілістің қарауында жатыр. Егер ол қабылданса, келер жылдан бастап колледж түлектерінің білім сапасы тексеріліп, нашар болса, жұмыс істеуге рұқсат берілмейді. Ал сапасыз маман даярлаған колледждер лицензиядан айырылмақ. Біртановтың айтуынша, сапалы медицина мамандарын дайындау үшін оқуға түсетіндерге тесттің жаңа түрі енгізілмек. Яғни, олар келер жылдан бастап психометриялық тестілеуден өтеді. Сол арқылы талапкерлердің адамдармен тіл табысуы, жүйке төзімділігі, шешім қабылдай білу сынды қасиеттерін танып, медицинаның қай саласына баратынын анықтап бермек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!