Петропавлда 90-ға таяған қарт қоқыстың арасында өмір сүріп жатыр
Қыңырлық танытқан қария! Петропавлда жұрттың көз алдында 90-ға таяған қарт күл-қоқыстың арасында өмір сүріп жатыр. Бір кездері лауазымды қызмет атқарып, айналасына сыйлы болған Владимир Козлов қазір жалғыз қалған. Көмек қолын созып келгендерді де жанына жолатпайтын көрінеді.
Автор: Жанар Низамутдинова
01.10.2018
Қарияның айтунша, оның жасы қазір 88-де. Әкімдік тарапынан берілген құрқылтайдың ұясындай болған бір бөлмелі жатақханада бір жылдан бері тұрып жатыр. Содан бері жуынып-шайыну дегенді ұмытқан ол әжетін де ортырған жерінде өтей беретін көрінеді.
Анна Низина, көршісі:
- Таңертең ұйқыдан тұрған кездегі иісті айтсаңызшы, демалу мүмкін емес. Учаскелік полицейге де, әкімдікке де айттық. Ондағылар келеді де, артын әзіл-қалжыңға айналдырып, жөндеріне кетеді.
Владимир Козловтың қалайша жалғызілікті атанғанын көршілері де білмейді. Қарияның Петропавлда ұлы бар. Бірақ, онымен басы піспей, ақырында жатақханада жалғыз тұруға мәжбүр болған. Мінезі қиындау қарт ішімдіктен де бас тартпайды екен. 40 отбасылық жатақхана кезінде теміржолшыларға берілген. Қазір қалалық әкімдіктің иелігінде. Бірақ Владимир Козловтың теміржолшыларға да, әкімдікке де түк қатысы жоқ. Өзінің айтуынша, Петропавлға кезінде Ленинградтан келген, тыңды алғашқы боп игерушілердің бірі. Енді, міне, көршілерін мезі қылып отыр.
Ольга Марфина, көршісі:
- Үйіңізді жинап, ретке келтіріп берейік деп талай айттық. Көршілердің бәрі де бұл кісіге көмектесуге қарсы емес. Ол болса, «жоқ, диванның астында менің ақшам жатыр, соны алып кетесіңдер» деп жолатпайды. Не істерімізді білмейміз тіпті.
Әкімдіктегілер жалғызбасы атанып, айналасындағылардың ашуына әбден тиген Владимир Козлов туралы мүлде естімепті. Бірақ, жағдайын көзбен көрген соң, қолдан келгенді жасаймыз деп уәде етті.
Асхат Құсайынов, Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:
- Үйін жинап, ас-суын дайындап беретін жалпы, бұл кісіге қолғабыс көрсететін әлеуметтік қызметкерді жібереміз. Бірақ егер өзі қаламаса, оны да зорлықпен жіберуге құқығымыз жоқ.
Бірақ аз уақыттың ішінде ол да жіберілмейтін болып қалды. Өйткені Владимир Козловтың Петропавлда ұлы тұратындықтан, заң бойынша оған әлеуметтік қызметкер тиісті емес. Ал мұны естіген тұрғындар енді кімнен көмек сұрарын білмей отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!