Қарызға белшеден батқан «Ақтөбе» футбол клубы өтпей жатыр
Бұған дейін оны бірнеше мәрте аукционға салған аймақтағы қаржы басқармасы тағы да тендер жариялады. Енді ондағылар «Ақтөбе» үшін 100 миллион теңге сұрап отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
01.10.2018
Мұндай ақшаны төлегеннің өзінде сатып алушы клубқа толық иелік ете алмайды. Өйткені алдымен жеті жыл бойы сенімхат арқылы басқарады. Сондай-ақ, шенеуніктердің рұқсатынсыз бапкер мен директорды қызметінен алып немесе жаңадан тағайындауға құқығы жоқ. «Ақтөбе» футбол клубын алатын бизнесмен 100 миллион теңгеден бөлек, осы күнге дейін жиналған берешектен құтылуы шарт. Қазір футболшылар алдындағы қарызы шаш етектен. Айта кетелік, аталған клуб пен Қобыланды батыр атындағы стадионды қаржы басқармасы осыған дейін бірнеше рет аукционға қойған еді. Бірақ сатып алуға ешкім құлық танытпады. Онымен қоймай бұрынғы басшылары бірнеше жылдан бері соттасып, легионерлер де айлықтарын даулап маза берер емес. Тендер жариялаған облыстық қаржы басқармасы клуб мүлдем өтпесе, не істейтінін білмей дал. Себебі жыл аяғына дейін жекешелендіруге міндетті. Олай болмаса банкрот деп жариялауы керек. Мұны айтуға шенеуніктер жанкүйелерден аяқ тартады.
Гүлназ Сисенова, Ақтөбе облыстық қаржы басқармасының басшысы:
- Өтпеген жағдайда конкурстың ережелеріне сәйкес бірінші этап, екінші этап деген процедуралары жасалады. Процедура біткеннен кейін мен сіздерге ақпарат беретін боламын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!