Сағынтаев қымбатшылыққа жол берген әкімдердің шаңын қақты
Осылайша елде қымбатшылықтың тағы бір толқыны басталды. Жыл басынан бері ең көп қымбаттаған дизельдік отын екен, 9 айда 38 пайызға бір-ақ өскен. Ал азық-түліктің ішінде қызылша мен қант, күріш, қырыққабат және күнбағыс майының бағалары ышқынып тұр. 7 бірдей өңірде баға республикалық орташа көрсеткіштен әлдеқайда асып кеткен.
Автор: Ербол Тұрымбет
02.10.2018
Бүгін Үкімет отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев өңір басшыларының осы мәселеге байланысты істеп жатқан жұмыстарына ырза болған жоқ. Өйткені биылдыққа инфляция 5-7 пайыз деңгейінде сақталып тұр. Бірақ, жекелеген өңірлерде қымбатшылық көзге ұрады. Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан бөлек, Маңғыстау, Атырау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында ең маңызды деген азық-түлік түрлері қымбаттап кеткен.
Айталық, азық-түлік бағалары жалпы алғанда 0,7 пайызға қымбаттапты. Соның ішінде қант 17 жарым, күріш 11, орамжапырақ 8 жарым, күнбағыс майы 4 жарым пайызға құны өскен. Халықтың мұқтаж дүниелеріне келгенде бағаның шарықтап кетпеуіне тікелей жауапты әкімдер Сағынтаевтың алдында абдырап қалды.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:
-Сенбі, жексенбі күндері келіп өтіп жатыр. Сонда ықпалы жоқ па өтіп жатқан ол жәрмеңкелердің? Бағасы жоғары болып өтіп жатыр ма?
Бақыт Сұлтанов, Астана қаласының әкімі:
-Ықпалы бар, жаңа айтқандай. Мына екі көрсеткіш... бағаның өсуіне әсерін беріп жатыр, қант пенен күріштікі. Ал қалғандарына...
Қант барлық жерде де өсіп жатыр. Жалғыз Астанада емес.
Өңірлік тұрақтандыру қоры деген бар. Азық-түлік тапшылығын жою және осындай бағаның құбылуын болдырмас үшін әрбір облыста осындай қорлар құрылған. Бірақ өңір басшылары сол жұмысты оңдыра алмай отырса керек, қымбатшылық қарқыны тұрақтар емес. Сағынтаев жағдайды түсіндірмек болғаны Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановқа да дүрсе қоя берді.
Кәсіпкерлер түсіндіру жұмыстарын түсінбей жатыр. Бағаны өсірме деп айтамыз, олар түсінбейді соны. Өсіріп жатыр.
Ал Астананың тұрақтандыру қорында 1,5 миллиард теңге бар екен. Соған қарамастан, қалада қант пен күріш қалтаға ауыр тиіп тұр, бағасы 21 пайызға қымбаттаған. Оның үстіне, азық-түлік бағасының артуына әсер ететін бірнеше себеп те бар. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, дизельден бөлек, қала маңындағы қатынас тарифтері, яғни, жолақы да біраз өскен. Айта кетерлік тағы бір жайт, Түркістанның облыс орталығына айналуымен қалада пәтер жалдау ақысы биылдыққа бірден 40 пайызға шарықтап кетіпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!