"Бос сөзді доғарыңдар": Президент жиналыстан шықпайтын министр мен әкімдерге шүйлікті
Елімізде ең төменгі жалақы бір жарым есеге өсетін болды! Жаңа жылдан бастап Қазақстанда 42 мың теңгегеден төмен еңбекақы алатын адам болмауы тиіс. Нұрсұлтан Назарбаев бүгін кезекті халыққа Жолдауында Үкіметке осындай тапсырма берді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет саласында да өзгеріс болады. Президент бұдан былай әкімдердің жұмысын баспаналы болғандардың санына қарай бағаланатынын ескертті. Сондай-ақ Елбасы Үкімет басшысы мен министрлерге қарамағындағыларды жинап алып, сағаттап жиналыс жасауды доғарыңдар деді.
Автор: Жәудір Оразхан
05.10.2018
Биылғы жолдауды жариялау тәсілі бұрынғыдан өзгерек болды. Мемлекет басшысы ә дегеннен Үкіметке тапсырма беріп, әр салаға жауаптыларды орнынан тұрғызып, сұрақтарын қойды.
- Әрқайсың әр шешеден туған сияқтысыңдар. Бір-біріңді көре алмай.
Енді Жолдаудың негізгі мазмұнына келсек. Мемлекет басшысы әуелі әлеуметтік салаға баса назар аударған. Жаңа жылдан бастап елімізде ең төменгі жалақы бір жарым есеге өседі. Яғни 28 мыңнан 42 мың теңгеге көтеріледі. Ол үшін бюджеттен үш жылға 96 миллиард теңге бөлінеді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл әр тұрғын үшін жақсы көмек. Бұл 1,3 млн адамның жалақысын өсіреді. Барлық кәсіпорындардың жұмысшыларына қатысты бұл. Жекеменшік болсын бәрібір бөлмейміз. Сондай-ақ 275 мың бюджет қызметкерлерінің еңбекақысы орташа 35 пайызға өседі.
Баспана да басты назарда. Бұдан былай әкімдердің жұмысы үйлі болған тұрғындарының санына қарай бағаланады деді Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Үкімет, әкімдер жұмыс істемейді. Әкімдердің қолында бәрі бар. Әкімдерге қатаң ескерту жасаймын. Жұмыстарың нашар болса, 2019-жылы бұл қызметтеріңізді сақтай алмауларыңыз мүмкін.
Президенттің ашулануына себеп бар. Өйткені, аймақтар «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын әлі толық іске қоспаған. Екі айда еліміз бойынша небары екі мың өтініш қабылданыпты.
- 50 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтер қанша тұрады?
- 3 миллионнан 7 миллионға дейін.
Ұлттық банк пен вице-премьердің бұл жауабын естігенде залда отырғандарды күлкі қысты. Ал жұрт Мәмин мен Ақышев айтқан арзан үйдің қайда сатылып жатқанын іздеп жүр. Елбасы жақсы жерді жалғыз иеленіп алған латифундистерге де ескерту жасады. Ал прокурорларға игерілмеген телімдерді тартып алуды тапсырды. Президенттің әр сөзін Тоқаев мұқият тыңдап, блокнотына жазып отыр. Үкімет мүшелерінің де артық қимылы жоқ. Президент осылай тым тәртіпті отырған залдағыларды бір сергітіп алды.
- Алматы әкімі Байбек аулаларды жақсы ретке келтіріп жатыр. Жұрт мақтап жатыр. Астанада да солай. Облыс орталықтары да таза ғой. Бірақ тек мен жүретін жерлер.... Мен бұның бәрін білемін.
Кейін шенеуніктердің жұмыс кестесіне де кезек келді. Атқамінерлер күлтөбенің басында күнде жиналуды әлі қоймапты. Мемлекеттік қызметкерлер жылына жүз тәулікті жиналыспен өткізеді екен.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бақытжан, сен өзің қашан жұмыс істеп үлгересің? Ештеңені қадағаламайсыңдар, тек күні бойы жиналыста отырасыңдар да қоясыңдар.Мен бекіткен ережені орындаңдар. Мемлекеттің қызметкер заң бойынша кешкі 7-ге дейін отыру керек. Бізде түнгі 12-ге дейін отырады.
Назарбаев ісіне салғырт атқарғандарды да аямайтынын айтты. Жұмысқа жүрдім-бардым қарағандар қызметтен қуылады да , орнын шетелдіктер басуы әбден мүмкін.
- Нұрсұлтан Назарбаевтың осы айтқандарын кімнің қалай орындағанын ұлттық комитет қадағалайтын болады. Президент әкімшілігі жанынан құрылатын жаңа ведомство азаматтардың көңіл-күйін зерттеумен де айналыспақ. Яғни мамандар адамдар арасында сауалнама жүргізіп, жұрттың не қалайтынын, тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелерді мемлекет басшысына баяндап отырады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!