Жолдау: Білім мен Ішкі істер саласын қандай реформа күтіп тұр?
Елімізде "мұғалімдердің мәртебесі" туралы дербес заң қабылданатын болды. Жолдау кезінде педагогтарға араша түскен Елбасы, білім саласындағы олқылықтарды жария етіп, оны шешудің жолдарын ұсынды. Әрі президент басы даудан арылмаған Ішкі істер министрлігін де қалай реформалау керектігін бастан-аяқ айтып берді.
Автор: Досжан Маратұлы
05.10.2018
Жұрттың жиі сынына қалатын қос ведомствоны қандай өзгерістер күтіп тұр?
Елбасы жолдауында білім саласына ерекше мән берді. Өйткені, бұл салаға жылда миллиардтар бөлініп, түрлі реформалар жасалғанымен нәтиже шамалы. Мектептегі оқу жүйесі мен балабақшадағы тәрбие, сол күйі ақсап тұр. Елде тозығы жеткен мектеп көп. Тіпті ұл-қыз үш ауысыммен кезектесіп білім алуға мәжбүр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Үш ауысым дейтін масқара тоқтату керек. Өзің ойлашы бала таңғы сағат 8-де сабаққа келіп түскі 2-де үйіне қайтады. Келесі топ түскі 3-те кіріп ,7-8-ге дейін оқиды. Үшінші ауысым түн жарымына дейін оқи ма сонда? Біз бұған қалай жол береміз?
Сондықтан президент бұл мәселені алдағы үш жылда дереу шешуге пәрмен берді. Ол үшін қазынадан 50 миллиард теңге бөлінбек. Енді елдегі білім ошақтары Назарбаев мектебінің жүйесі бойынша білім алуы тиіс. Бірақ алдымен ұстаздардың өздері біліктілігін жетілдірулері керек. Ал қазір мұғалім біткеннің бәрі қағазға көміліп отыр. Сенбілік пен сайлау деп жүргенде сабақ беруге уақыты жоқ. Енді бұндай бей-берекетсіздікке жол жоқ. Елбасы педагогтардың мәртебесін заңмен айқындап құжат жүзінде бекіттірмек.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сайлауды өткізетін мұғалімдер.Үгіт-насихатты жүргізетін де солар. Бұл үшін оларға ешкім ақша төлемейді. Сонда олар сабағына қалай дайындалады? Бос жұмыстардан босату керек.
Ал, саны көп сапасы жоқ колледж, университеттер қысқаруы тиіс. Өйткені, құр диплом беріп, ақша табу үшін жұмыс істейтін оқу орындары көп. Енді олардың деңгейін аттестация емес, түлектерінің жұмысқа орналасу рейтингі айқындап бермек. Осы жерде Елбасы полицейлерді де 5 жыл бойы Академияда оқытудың қажеті жоқ екенін айтты. Грузия, Германия сияқты елдердің тәжірибесіне сүйеніп, жарты жыл оқытсақ жетеді дейді. Өйткені, қанша білім алғанымен, халықтың қорғаушысы емес, қорлаушысы болып жүрген парақор тәртіп сақшылары жетерлік дейді. Сондықтан Ішкі істер министрлігін де бастан аяқ реформалау керек деген президент, полицейлерді қайтадан жаппай аттестациядан өткізуге пәрмен берді. Одан сүрінгендер, қызметтен қуылады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Қалмұханбет, қазақтар құрып кеткенде милиция болсам дейді ауылда жүріп. Пагонды тақса жұрт менен қорқады деп ойлайды. Алып келесің де ауылдан қоясың. Сосын ол адам үшін емес, өзінің қамын күйттейді. Үйретпейсіңдер, сауатын ашпайсыңдар жас маманның.Полицей - ол билік иесі, Президенттің айнасы.Сен бұны қарамағыңдағыларға түсіндіресің бе?
Елбасыдан сөз естіп тынған Ішкі істер министрі қоғам талап етіп отырған реформаны 2019-шы жылдың 1-ші қаңтарынан бастауы керек. Сондай-ақ, Қалмұханбет Қасымов ведомстваға қарасты оқу орындары мен негізссіз ашылған штат санын еселеп қысқартуға міндеттелді. Ал ауысқан қаржыға тәртіп сақшыларының жалақысын өсіруі қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!