"Алқаштар онсыз да жетеді": Талдықорған жұрты сырахананың ашылуына қарсы шықты
Сыраханадан шыққан шатақ. Талдықорғанның тұрғындары ауласында сырахана ашылғанына наразылық білдірді. Көңіл көтеретін орын тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан. Ал ашуға мінген тұрғындар оған ешқашан жазбаша келісім бермегенін айтады. Тіпті екі ортадағы тартыстың басталғанына жылға жуық уақыт өткен. Бірақ құзырлы орындар шара қолдануға асығар емес дейді наразы топ.
Автор: Мақсат Мәлік
08.10.2018
Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін қарсылық танытқан осы сырахана. Наразы топ сыраны сылқия сіміріп, бұл жерден теңселе басып шыққандар аулада ойран сала ма деп қауіптенеді. Себебі, соңғы уақыттары балалар алаңында домалап жататын маскүнемдердің қатары көбейді дейді ашынған тұрғындар.
Нафиса Сыдықбекова, Талдықорған қаласының тұрғыны:
-Менің немерем келіп, осы жерде ойнайды. Алқаштар онсыз да жетеді қалада. Жасөспірімдерге қандай өнеге көрсетеміз? Одан да мәдени орын ашсын.
Сырахана иесі мен тұрғындар арасында туындаған тартыс жылға жуықтапты. Амалы таусылғандардың айтуынша, құзырлы орынға талай мәрте шағымданса да нәтиже шықпаған. Тіпті, қой дейтін қожа кезікпеген қожайын ғимаратта өзгерту жұмыстарын жүргізіп, үйдің қабырғасын қақыратып тастады дейді тұрғындар.
Нәзігүл Рахымбекова, Талдықорған қаласының тұрғыны:
-Ол тұрғындардың келісімінсіз ашты да, темір есік қойып тастады. Осы үйдің 7-ші пәтерінде сіңлім тұрады. Одан да рұқсат сұрамаған. Қабырғада жарықтар пайда болды. Сондықтан бәріміз түбегейлі қарсымыз.
Наразы топтың айтуынша, бұған дейін осы жерде әйелдер киімін сататын дүкен болыпты. Кейін қалайша алкогольдік ішімдік сату орнына айналғанын түсінбейміз дейді олар. Өйткені, заң бойынша кәсіпкер тұрғындардың келісімін алуы тиіс. Ал қолын кеш сермеген құзырлы мекеме өкілдері мәселені жақын арада шешуге уәде беріп отыр.
Нұрсұлтан Әлібаев, Алматы облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының бас маманы:
-Қазіргі уақытта азаматша Тыныбаеваның шағымы бойынша жоспардан тыс тексеріс тағайындалды. Оның қорытындысы жайында қосымша хабарлайтын боламыз.
Тұрғындардың жанайқайынан соң сырахана есігіне уақытша құлып салынған. Бірақ қожайынымен тілдесуге еш мүмкіндік болмады. Ал ашулы топ сырахананы ауламыздан аластамайынша тыным таппаймыз дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!