Ақмола облысында жанармай құю бекетін тонаған капитанның видеосы пайда болды
Ақмола облысында жанармай құю бекетін тонаған полиция қызметкерінің бейнекадрлары пайда болды. Жәй ғана тонау емес, кәдімгі қарақшылық. Кассир қызға мылтық кезенген ол миллион теңгеден астам қаржыны алып кеткен. Ал басты күдікті ретінде Шортанды аудандық ішкі істер бөлімі уақытша қамау абақтысының бастығы ұсталып отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
08.10.2018
-"Астана-Көкшетау" республикалық тасжолының бойындағы жанармай құю бекетіңіз міне, осы. Қызметкерлерінің айтуынша, қазанның бесі күні таңсәріде бет-жүзін бүркемелеген біреу баса-көктеп кіріп келген. Қолындағы қаруын кезенгенде кассадағы қыз қатты қорқыпты. Әбден шошынып қалған ол өз-өзіне әлі күнге келе алмаған.
Атышулы қарақшының бейнекадрлары біздің қолымызға түсті. Қару ұстап маска киген капитан алдымен терезенің түбінде жасырынып отырады да кассир орнына келген бетінде тап береді.
Қару кезеп қорқытып-үркітіп, кіреберіс есікті де сындырып, ақыры дегеніне жетіп, кассадан 1 миллион 184 мың теңгені алып кетеді. Осындай қарақшылық шабуыл жасалған жанармай бекеті қазір қалыпты тіршілігіне қайта көшіпті. Ал мылтықтың оқпантайы маңдайына тірелген кассир қыз оқиғаны есіне алғысы келмейді.
- Өз-өзіме әлі келе алар емеспін.
Сөйтсе, жау алыстан емес. Жергілікті полиция күдікті ретінде Шортанды аудандық ІІБ уақытша қамау абақтысының бастығы Қуат Аманжоловты ұстап алыпты. 39 жастағы полиция капитаны кәмелетке толмаған үш баласы бар отбасылы адам екен. Ұсталған сәтте үйінен бетперде, екі аңшы қаруы, 60 оқ, 860 мың теңге ақша және бейнетаспадағы адамның киімдеріне ұқсас киімдер табылған.
Алмас Сәдубаев, ҚР ІІМ баспасөз хатшысы:
-Қазіргі уақытта ол қолданған қару мен ұрланған ақша толықтай тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Біздің қызметкеріміздің заңсыз әрекеті үшін көпшіліктен кешірім сұраймыз.
Ол қазір осыған дейін өзі басқарып келген уақытша қамау абақтысына жабылып, шабуыл жасалған күні-ақ ішкі істер қызметкерлерінің қатарынан қуылған. Оған енді мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылу қаупі туып тұр. Дегенмен, абақтының бастығы не үшін қарақшылық жасады деген басты сұрақтың жауабы белгісіз болып тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!