Алматы облысында жаңа қонысқа көшкен жұрт сусыз отыр
Суы жоқ, газы жоқ, адам қайтып күн көрер? Алматы облысы, Бесағаш ауылындағы жаңа үйдің тұрғындары бес айдан бері коммуналдық игіліктері жоқ баспанада күн кешіп жатыр. Болған жайға құрылыс компаниясын кінәлаған тұрғындар осы уақытқа дейін мәселелерін сан мәрте жеткізгенмен, шешілмегенін айтады. Ал, мердігер компанияның күрмеуі қиын жағдайға берер жауабы дайын.
Автор: Асқарбек Қазанғап
09.10.2018
Аты бар да заты жоқ су мен газдың тапшылығына Назым Көкіспекова осы үйге көшкеннен тап болды. Жаңа қонысқа орналасқанда қуаныштары қойындары сыймаған жас отбасының көңілі көп өтпей су сепкендей басылды. Бұл «Алматау» кешеніндегі қалған көпшіліктің де бас ауруына айналған басты проблема.
Парасат Жайықбаева, тұрғын:
-Су таңертең және кешке ағады. Сол уақыттарда 5 литрлік құтыларға суды толтырып қоямыз.
Гүлжан Назарова, тұрғын:
-Перзентханадан шыққан да балалар бар. Оларды қалай жуындырып, қалай қарайды? Ақшаны ауаға төлеп жатыр
Нысанға жауапты құрылыс компаниясы су тоқтағанда тарықпасын деп сыртқа арнайы құбыр жүргізген. Тұрғындар оны ішпек түгілі, жуынуға жарамайтынын айтады.
-Тұрғындарды тұқыртқан үйдің бейнеті мұнымен бітпейді. Газ бен судың жоғы өз алдына қолданысқа берілгеніне бес ай болғанмен, кешенде әлі күнге лифт іске қосылмаған. Адамдар амалдың жоқтығынан, 9 шы қабатқа жаяу көтеріліп түсуге мәжбүр.
Су зардабын бес ай бойы шеккендердің проблемасы бір қызығы бес-ақ минутта шешілді. Құрылыс компаниясы жөндеу жұмыстары енді ғана біткенін желеу етіп, енді судан тұрғындардың тарықпайтынына уәде берді.
Бақытбек Мұсабаев, құрылыс компаниясының өкілі:
- Құрылыс жаңадан басталып жатыр. Су көп керек. Сосын су қысым түсіп кеткен болар деймін. Ал мына үйге жеке наснос қойдық. Енді қысым түспейді.
Көгілдір отынның қосылмауына 300 пәтерлік тұрғын үйге адамдардың толықтай қоныстанбағаны себеп болды. Суға қолдары жетіп, қуанған тұрғындар жақсы жаңалықтың соңы көзбояушылық болмауын тілейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!