Шалқарда тоққа түсіп екі қолынан айрылған оқушының анасы жауаптыларды жазалауды талап етті
Ақтөбе облысында бастауыш сынып оқушы мектеп ауласындағы трансформаторға тоққа түсіп, қос қолынан айрылды. Екі күн бойы Шалқар аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқан 9 жасар Дамирді облыс орталығына жеткізген. Мұндағы дәрігерлер баланың қолдарын иықтан төмен түгел кесіп тастаудан басқа амал болмады деп отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
11.10.2018
Талғат Артықбаев, облыстық балалар ауруханасының дәрігер-комбустиолог:
- Екі қолынан айрылу деген моральдік-психикалық жағынан да өте адамға қатты әсер етеді. Оның қасында бізге де әсер етті. Өте өкінішті жайт.
Сабақтан шыққан Дамир Шалқар қаласындағы №2 мектептің ауласындағы дәл осы екі қабатты ғимаратқа досымен келеді. Жоғарыға баспалдақпен шыққан бойда трансформаторды ұстап алған. Шыңғырып жылағанын көрген қасындағы бала мектептегі мұғалімдерді шақырған. Оқушының трансформаторға жабысқан қолы иықтан төмен көмірдей қап- қара боп кетіпті. Қазір ата-анасы баласының тілеуін тілеп жансақтау бөлімінің есігін күзетіп отыр. Енді кесілген қос қолдан бөлек, оқушының күйген кеудесі мен аяғына да ота жасау керек. Ал Дамирдің әке-шешесі мектеп ауласында ашық-шашық, қараусыз жатқан ғимаратқа жауаптылар жазалансын деп отыр.
Гүлмира Фаткулина, Дамирдің анасы:
-Сыртының бәрі қапталып тұрса, жабық тұрса, құлып тұрса, кіре алмас еді. Қолдан келсе қолы болса деймін де. Жаным қиналып тұр, не істерімді білмеймін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!