Зейнетақы қорынан банктерге тағы 300 миллиард теңге бөлінетін болды
Бұл туралы бүгін Мәжілісте Қаржы министрі айтты. Қазір шенеуніктер аударым жасауға қажетті құжатты әзірлеуге көшкен. Бұған дейін президент банктерге 600 миллиард бөлуді тапсырған еді. Сонымен қордан алынғалы жатқан ақша қайда жұмсалады?
Автор: Жәудір Оразхан
11.10.2018
Біріңғай зейнетақы қорындағы ақшаға үкімет тағы ауыз салғалы отыр. Қаржы министрінің сөзіне сенсек, бұған бола қобалжудың жөні жоқ. Өйткені қордан алынатын кезекті 300 миллиард теңге экономиканың қарқынын көтеруге жұмсалмақ. Яғни, жаңа зауыттар ашылып өндіріс өркендеуі тиіс.
Әлихан Смайылов, Қаржы министрі:
-Біріңғай зейнетақы қорынан алынған 300 миллиард теңге коммерциялық талаппен екінші деңгейлі банктерге беріледі. Әріқарай ол қаржы экономикалық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады. Жалпы, зейнетақы қорындағы ақша бос тұрмай, инвестиция арқылы табыс табуы тиіс. Бұл әлемде бар тәжірибе.
Қазір Біріңғай зейнетақы қорында 9 триллионға жуық теңге бар. Негізі Жолдауда Елбасы қордан 600 миллиард бөлуді тапсырған. Әзірге қыруар қаржының тең жартысы кәдеге жаратылуы тиіс. Ал қалған 300 миллиардтты Ұлттық банк табуы керек. Өйткені қазынаға түскен салмақ көп. Мәселен жолдаудан соң алдағы үш жылдың бюджетін қайта қарап шыққан жаңа министрдің есеп-қисапқа көңілі толмай отыр.
Әлихан Смайылов, Қаржы министрі:
-Игерілмеген 155 миллиард теңгені министрліктерден алып, басқа салаға береміз. Мәселен, 29,7 миллиард Шымкент қаласы мен Түркістан облысын дамытуға жұмсалатын болады.
Шымкент пен Түркістан облысынан артылған ақша елімізде мектеп пен тұрғын үй салуға және газ тартуға жұмсалады. Біздің шенеуніктердің «ауруы қалса да, әдеті қалмайды». Министр мен әкімдер жылда қолда бар ақшаны ұқсата алмай жер шұқып отырады. Биыл Инвестициялар және даму министрлігі– 66 миллиард теңге, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілгі – 25,2 миллиард теңге, Білім және ғылым министрігі – 23 миллиард теңгені тиімді игермеген.
Гүлжан Қарақұсова, Мәжіліс депутаты:
-Мен өз тәжірибемнен айтайын. Біз әр тиынға есеп беріп, бюджетті түнеп қорғайтынбыз. Биыл қанша ақшаны дұрыс игерілмесе , келесі жылы сонша қаржыны қысқартып тастайтын. Жылап-сықтауыңа ешкім қарамайды. Ал сіздер миллиардтарды әрі-бері лақтырып, ештеңе етпейді деп, жайбарақат отырсыздар.
Депутаттардың да сыры жұртқа мәлім. Халық қалаулылары Үкімет бюджетке түзету енгізіп, қайта алып келген сайын аз-кем сын-ескерту айтқан болады. Дегенмен, соңында бәрі бірауыздан құжатты бекітіп береді. Мәжіліс алдағы үш жылдық бюджет әлі жалпы отырыста талқылайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!