Астанада ақын Олжас Сүлейменовтің немересінің өліміне қатысты сот басталды
Айыпталушы орынында 26 жастағы Ескендір Сүлейменовті көлігімен қағып өлтірген Малика Мұхитова. Полиция полковнигінің қызы сотта кінәсін толық мойындап, кез-келген шығынды өтеп беруге дайын екендігін айтып отыр.
Автор: Досжан Маратұлы
12.10.2018
29 жастағы Малика Мұхитованың «Самұрық-Қазынада » бас маман екен. Қазір ол 600 мың теңге кепілақымен бостандықта жүр . Бірақ, сотқа марқұм Ескендірдің ата-анасы келмегендіктен процесс кейінге шегерілді. Айта кетейік, ақын Олжас Сүлейменовтің отбасындағы қайғылы жағдай тура 4 ай бұрын Есілдің сол жағалауындағы ірі даңғылдардың бірінде болған еді. Мотоцикл тізгіндеген халық жазушысының немересін «Hyundai» көлігі қағып кеткен. 26 жастағы жігіт сол жерде жан тапсырды. Ал, жүргізушінің Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Қайрат Мұхитовтың қызы екені анықталды. Оның адвокаты бүгін істе көп шикілік барын айтты.
Дмитрий Куряченко, адвокат:
-Малика Мұхитова жол ережесін бұзды дейді. Бірақ, оның көлігі қандай жылдамдықпен жүргені анықталмаған. Ал, Ескендір Сүлейменовтің мотоциклі сағатына 88 шақырым жылдамдықпен жүрген. Сондықтан анықтайтын нәрсе көп. Бірақ, менің қорғауымдағы Мұхитова шығынды төлеп, сотты тезірек аяқтағысы келеді. Оған жәбірленуші тарап та қарсы емес. Бірақ, әзірге нақты сомасын айтқан жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!