Павлодар облысында шаруалар жер үшін дауласып қалды
Аққулы ауданынан жерді ұзақ жылға жалға алған Сәния Жақпарованың айтуынша, әлдебіреулер оның 14 гектар аумаққа еккен астығын бүлдіріп кеткен. Сөйтсе, ол жергілікті бұзақылар емес, шетелдік фермерлер көрінеді. Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары түйіскен жерге ауыр техникасымен келген олар жергілікті шаруаға 3 миллион теңге көлемінде шығын келтіріпті.
Автор: Әйгерім Шакаманова
12.10.2018
Сәния Жақпарова 15 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып жүр. Жасы 70-тен асқан шаруаның бүгінде 300 бас ірі қарасы бар. Зейнеткер сондай-ақ арпа, жоңышқа сияқты мал азығын да өзі егеді. Бұл үшін тіпті жеті мың гектар жерді жалға алыпты. Бірақ биылғы өнімді жинамақ болғанда келеңсіз жағдайға тап болды. Өйткені жаз бойы күтіп баптаған астықты біреулер бүлдіріп кеткен.
Сәния Жақпарова, шаруа:
-Біз келсек Қытайдың төрт тракторы жүр екен. Бәрін жыртып жүр екен.Дайындаған азығымызды түні бойы жыртыпты. Таң атқанша 14 гектар эспарцет деген шөбімді жоқ қып жіберді.
Осылай деген кейуана сырттан келген шаруалардың бір түнде өзін 3 миллион теңге шығынға батырғанын айтады.
Шаруа бұл олқылықтың қалай орын алғанын әлі де түсінбей дал. Өйткені заманауи құрылғылар дамыған кезде кез-келген аумақтың қай жерде басталып-аяқталатынын ұялы телефон арқылы-ақ көруге болады. Мәселен,қазір мен Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары түйіскен жерде тұрмын. Дәл осы аумаққа басып кірген бөтен адамдар бұл жерге егілген арпа мен жоңышқыны трактормен таптап өткен.
Мән-жайды білу үшін аудандық әкімдікке барған шаруа ешкімнен дұрыс жауап ала алмадым дейді. Десе де, кейін аумаққа басып кіргендермен бетпе-бет кездесу бұйырыпты. Сөйтсе, олар көрші елдің фермерлері екен. Бірақ еш заң бұзбағанын айтып дауласыпты.
Әділет Аманов, Аққулы аудандық жер қатыснастары бөлімінің басшысы:
- Өз тарапымыздан заң бойынша қолдау жасаймыз. Жер кодексінің 167-ші бабына сәйкес мұндай даулар сот арқылы шешілуі тиіс. Яғни шаруа өзінің меншігіндегі жерді тартып алмақ болған азаматтың үстінен арыз жазуы керек. Өйткені ол облысаралық шекараны кесіп өткен.
Осылай деген атқамінерлер, шетелдік шаруаның Шығыс Қазақстан облысында күнбағыс, бұршақ егумен айналысатынын айтады. Сол өңірдегі Қарабас ауылының маңында орналасқан агрофирма иесінің өзі қазір елде жоқ екен. Ал оның қол астындағы қызметкерлер бұл жайтқа қатысты жұмған ауыздарын ашпады. Керекулік Сәния Жақпарова болса, Аққулы ауданындағы 7 мың гектар жерді мемлекеттік бағдарлама аясында 48 жылға жалға алған. Енді меншігіне қол сұққан шетелдіктерден шығынды сот арқылы өндіріп алуды көздеп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!