{metadescription}
Ақтөбе облысында жарылыстан жараланған кенші өлім аузында жатыр
Ақтөбе облысында жарылыстан жараланған кенші өлім аузында жатыр

Ақтөбе облысында жарылыстан жараланған кенші өлім аузында жатыр

Ақтөбе облысындағы Дөң кен байыту комбинатының шахтасындағы жарылыстан бір адам жараланды. Кенші Мейрамбек Кенжеғалиев үйінді астында қалған. Оның жер астында көміліп жатқанына шахтадағылар мән бермепті. Тек үш сағат дегенде әрең көмекке келеді. Қазір ол Хромтаудағы аудандық ауруханада хәл үстінде жатыр. Дәрігерлер облыс орталығына жеткізуге жағдайы жарамайды дейді.

Оқыс оқиға Хромтау ауданындағы Дөң кен байыту комбинатының «Тәуелсіздікке он жыл»  атты шахтада болған. Жер астында жұмыс істеп жатқан Мейрамбек Кенжеғалиев жарылыс кезінде үйінді астында қалады. Бірнеше сағат бойы ес-түссіз руда арасында жатып қалған.

Шахтердің беті бері қарар емес. Қазір хәлі тым ауыр. Облыс орталығынан Хромтауға санитарлық авиация сол күні жеткенімен, науқасты алып кетуге жүрексініпті. Енді комадан шыққан соң тағы бір рет тексеріп көрмекші.

Людмила Волненко, Хромтау аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

-Жағдайы тым ауыр. Сүйектері сынып, басы жараланған. Миы шайқалған. Санитарлық авиациямен мамандар тағы келіп тексеретін болады. Жолға жарайтын болса ғана Ақтөбеге жеткізеді.

Мейрамбек Кенжеғалиев он бес жылдан бері «Казхром» компаниясына тиесілі осы шахтада істейді. Жер астында рудаларды жарумен айналысқан. Сол күні қатты толқыннан үйінді астында қалған кезде, көмекшісі басшыларына хабар жеткізген. Олар болса дабыл қақпай, тіпті іздеуге асықпаған дейді кеншінің туыстары. Тек түнгі кезекке келген кеншілер қазып алыпты.

Бибізада Байсадақова, М.Кенжеғалиевтың анасы:

-Үш сағат неге жатады балам менің? Оның мастері қайда? Жалғыз неге қалады? Шахтадан шығарда тәртіп  қайда? Ол мал емес қой. Біз қазақ бір қой жоғалса іздейміз ғой.

Қазір осы оқиғаға байланысты тексеру жүргізіліп жатыр. Бірақ «Қазхромдағылар» қандай да бір мәлімдеме жасаудан бас тартты. Ал ауыр хәлде жатқан кеншінің төрт баласы бар. Оның үшеуі мектепте оқиды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде