Астанада мектеп асханаларына камера орнатылғалы жатыр
Тіпті ата-аналар тамақтың қалай жасалатынын интернет арқылы тікелей көре алады. Бірақ бұл әзірге жоспар ғана. Осы кезде бас қаланың кейбір білім ошақтарында оқушылардың тамағы жуындыға көбірек ұқсайды дейді ата-аналар.
Автор: Досжан Маратұлы
15.10.2018
69-шы мектептің асханасы төңірегіндегі дау ушықпаса, басылатын түрі жоқ. Енді ата-аналарды қойып, бұрын осында жұмыс істеген аспаз да, оқушыларға тамақтың дұрыс берілмейтінін айтып шағымданып жүр.
Рүстем Баскишов, Астана қаласының тұрғыны:
- Асханада жұмыс істеген уақытта былықтың бәрін өз көзіммен көрдім. Іші өте лас. Санитарлық талаптар сақталмайды.Оқушыға берілетін тамаққа бір-екі түйір ғана ет қосады. Әрі тыйым салынғанына қарамастан тауық етінен тамақ пісіріледі.
Даудан арылмаған гимназияда бір айдай істеген Рүстем сөзінің дәлелі ретінде барлығын видеоға түсіріп алыпты. Мұнда ол кішкентай ұл-қыздарға астың неден әзірленетінін көрсеткен.
- Жуынды кіл. Бір түйір ет жоқ. Масқара ғой.
Ал асхананың есігін жауып ішке кіргізбеген аспаздар оқушылар жуынды жейді деген әріптестерінің сөзін жоққа шығарды. Олардың айтуынша, ол мұнда небары 20 күн істеген. Бірақ жұмысына жауапсыз қарап, тамақ пісіре алмаған соң, қызметінен қуылыпты. Енді сол үшін өштеніп жала жауып жүр дейді.
Нұргүл Болғанбекова, асхана меңгерушісі:
-Бұл кісі видеода өзі жалғыз жүріп түсірген. Асханада ешкім болмаған. Бұл жігіттің осы түсірілімге алдын-ала дайындалған. Шындыққа сәйкес келмейді.
Осылай деген әйелдер, кейін буфет ішіне кіргізді. Мәзір бойынша бүгін олар котлет пен күріш дайындаған. Ал тамақтың салмағы даудан кейін бе, әйтеуір мөлшерінен асып тұр.
Мәселен бұл оқушыға берілетін бір күндік теген тамақ. Алма, бал, нан мен ыстық тамақ. Осы астың салмағы норма бойынша 170 грамм болуы тиіс. Қазір өлшеп көрейік. Тәрелкенің салмағын алып тастау керек бірінші. Сонда 192 асып тұр салмағы.
Жалпы, Астанада оқушылардың тамақтануына қалалық бюджеттен 4 миллиардқа жуық қыруар қаржы жұмсалады екен. Бірақ осы асқа қатысты дау бәрібір өршіп тұр. Тіпті Елорда мектептерінде бұған дейін қаншама ұл-қыз астан ұшынып, ауруханадан бір-ақ шыққан болатын. Енді мұның алдын алу үшін асханаға камера орнатылмақ.
Әнуар Жанғозин, Астана қалалық Білім басқармасының басшысы:
-Егер ата-аналардың санитарлық кітапшасы болса, асханаға кез-келген уақытта келіп тамақтың қалай, неден әзірленіп жатқанын көре алады. Тіпті бұл процесті біз онлайн жасағымыз келіп отыр. Яғни камера орнатып, барлығын интернет арқылы көрсетеміз.
Мұндай камералар мектеп асханаларына келер жылдан орнатылмақшы. Әрі әкімдік ASTRA жүйесін буфеттерге де толығымен қоямыз деп отыр. Сөйтіп, ұл-қыздар жол жүру картасы арқылы тамақ сатып алса болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!