Талдықорғандықтар шенеуніктерден пара бергіш құрылыс компанияларының тізімін жария қылуды талап етті
Бұған нақты себеп те бар. Қала әкімінің бұрынғы орынбасары Әсет Шаяхметов 80 миллион теңге көлемінде пара алды деп айыпталып, оған қатысты сот процесі де басталып кеткен болатын. Бірақ экс-шенеунікке осыншама ірі қаржыны кім бергені әлі күнге дейін құпия күйінде қалып отыр.
Автор: Жанар Низамутдинова
15.10.2018
Пара ұсынушыларды жария етуді қалаған талдықорғандықтар жергілікті әкімдікке жиналды. Талап біреу – лауазымды тұлғаларды сатып алғысы келген құрылыс компанияларының тізімін жария ету және оларды нарықтан қуып шығу. Оларға сенсек, мәселені ақшамен шешуді жөн көретіндерге аурухана, мектеп, балабақша сынды мемлекеттік нысандардың құрылысын сеніп тапсыруға болмайды. Өйткені бірінші кезекте сапалы жұмысты емес, қаржыны қымқыруды көздейтін мұндайлардың ісі шала болмақ.
Әмір Ғазалиев, Талдықорған қаласының тұрғыны:
-Пара алды ма, ол туралы бәрі білуі керек. Бірақ тек алғандарды емес, бергендердің де аты-жөнін айтсын! Ал жасыратын болса, оларды қорғап отыр деген сөз ғой бұл! Яғни бұлар тағы да пара алудан дәмелі! Пара беретін компанияларға нарықта орын болмауы керек мүлдем.
Тадықорған әкімдігіндегілер болса, аң-таң күйде. Олар тіпті мәселені шешеді деп өздерінен көмек сұрап барған тұрғындардан көмек сұрап отыр.
Мәрлен Көлбаев, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары:
-Мен мұны сіздерден бірінші рет естіп тұрмын. Оған қандай компаниялардың пара бергені туралы да ақпарат жоқ. Әлеуметтік желідегі ақпаратты ғана көргем, егер ол компаниялардың тізімі болса, бізге берсеңіздер жақсы болар еді. Пайдаланайық.
Әсет Шаяхметов қала әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Ол әлеуметтік нысандардың құрылысына жауапты болды. Бірақ 80 миллион теңге пара алды деп қазір істі болып жатыр. Параны оған нақты кімдердің бергені белгісіз болса да, саны белгілі – бақандай 11 адам.
Ринат Баймолда, Ә.Шаяхметовтың адвокаты:
- Біздің ойымызша, Алматы облыстық прокуратурасы мен ұлттық бюро тарапынан 11 күдіктіге қатысты қылмыстық істі тоқтату бойынша айтарлықтай қателіктер жіберіліп отыр. Бірақ олардың тарапынан 11 күдіктіге арыздары бойынша қылмыстық кодекстің 65-ші бабын қолдану туралы шешім қабылданған.
11 компания өкілдері сот алды тергеу кезінде өз кінәларын мойындап, жаздық-жаңылдық деп, прокурорлармен келісімге келген. Сол үшін бұлар қылмыстық қудалаудан босатылған және өздері туралы мәліметтің тарамауына кепілдік берілген. Бірақ тұрғындар мұнымен келіспей отыр. Өйткені Қазақстанның әр азаматы пара ұсынғыштардың да аты-жөнін білуі тиіс деп санайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!