{metadescription}
Алматыда жаппай жүгіру кезінде көз жұмған студенттің анасы мәлімдеме жасады
Алматыда жаппай жүгіру кезінде көз жұмған студенттің анасы мәлімдеме жасады

Алматыда жаппай жүгіру кезінде көз жұмған студенттің анасы мәлімдеме жасады

Жазмыштан озмыш жоқ! Алматыда жүгіруден өткен марафонда 18 жастағы Максим Королев көз жұмды. Спорттық шарада Санкт-Петербор гуманитарлық кәсіподақ университеті филиалының студенті 10 шақырымдық қашықтықта мәреге жете алмай сұлап түскен. Қара жамылған отбасы жалғыз ұлдарының денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған деп отыр Тіпті, марқұм жастайынан жауынгерлік самбомен айналысып, жүгіруден өтетін додаларда жүлделі орындардан көрінген.

Қайғыдан қан жұтқан ата-ана жан дегенде жалғыз ұлдарынан қапыда айырылғанына әлі күнге дейін сене алар емес. Суық хабарды марқұмның отбасына кеше марафон ұйымдастырушылары жеткізген. Максим Королевтің анасы жастайынан спортты жанына серік еткен баламның денсаулығы сыр бергенін көрмедім дейді.

Ольга Королева, М.Королевтің анасы:

-Ол медициналық тексерістен жиі өтетін. Денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған. Біз үшін бұл соққы болды. Темекі, арақ дегенге мүлдем жоламайтын. Еңбекқор еді. Айтарға сөзім жоқ.

Кеше Максим Крылов «Бірінші болу - батылдық» қоры ұйымдастырған марафонға жазылып, 10 шақырым қашықтықты бағындыруға бел буған. Қатысушыларды артқа тастап, мәреге 700 метр қалғанда оның басы айналып, құлайды. Жедел-жәрдем келгенімен, 18 жастағы жігіт тілге келместен көз жұмды.

Ольга Королева, М.Королевтің анасы:

-Барлығы көмектесіп жатыр. Марафон ұйымдастырушылары мен университет ұжымы. Ешкімге өкпем жоқ. Көнеміз. Ол адвокат болуды армандайтын еді. 

Марқұм Максим Королев Алматыдағы Санкт-Петербор гуманитарлық кәсіподақ университеті филиалында «Заңгер» мамандығы бойынша білім алған. Оқуда озат, спорттық шараларда белсенді болған Максимнің қазасы курстастары мен мұғалімдерін де есеңгіретті. Небәрі бір жылда үлгерімімен көзге түскен жігіт спорттан да құр алақан емес. Максим - жауынгерлік самбодан республикалық жарыстардың жеңімпазы.

Нұрлан Төлебаев, М.Крыловтың әкесінің досы:

-Спортта жүрген бала. ММА жарыстарына қатысады. Енді мынау жазым боп тұр ғой енді. Кетті осылай арамыздан.

Бүгінде алып шаһарда өтетін марафонға балалардан бастап қарттарға дейін қалыспай қатысып жүр. Алайда бақтарын сынауға келгендердің денсаулығын ешкім тексермейді. Ұйымдастырушылар қайғылы оқиғадан кейін жарысқа қатысу талаптарын күшейтеміз дейді.

Салтанат Қазыбаева, «Бірінші болу - батылдық» бірлескен қорының директоры:

-Мына жағдайдан кейін міндетті түрде жаңа талаптар енгіземіз. Қазір командамен бірге ойластырып жатырмыз. Бізде әрбір тамақтану орнында алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Дегенмен, әр қатысушы өз денсаулығына жауапты.   

18 жастағы жігіттің өліміне нақты не себеп болғаны сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады. Ал қайғыдан қан жұтқан ата-ана ұлдарының қазасына біреуді кінәлаудан аулақ. Олардың «жазмыштан озмыш жоқ» деуден басқа амалдары жоқ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде