{metadescription}
Жамбыл облысында құрылысына 5 миллиард жұмсалған зауыт тоқтап қалды
Жамбыл облысында құрылысына 5 миллиард жұмсалған зауыт тоқтап қалды

Жамбыл облысында құрылысына 5 миллиард жұмсалған зауыт тоқтап қалды

Жамбыл облысындағы жарнамасы жер жарған, құны 5 млрд. теңгеден  асатын «Хантау» цемент зауытының жұмысы тоқтады. Жер-көкке сыйғызбай мақтауын асырған үдемелі индустриалдық-инновациялық алып жоба банкрот болудың алдында тұр. Өндіріс орнының басшылығы тіпті жұмысшыларына да жалақы бере алмай қалған.

Мойынқұмдағы «Хантау» цемент зауыты жұмысшыларының алды алты айдан бері айлық көрмеген. Олардың айтуынша, аттай қалап шақыртқан жұмыс беруші жеме-жемге келгенде өзектен тепкен. Енді ел еткен еңбектің ақысын ала алмай жүр.  

Назира Абайбекова, «Хантау» цемент зауыты әкімшілік шаруашылық бөлім меңгерушісі:

-Күнкөріс қиын. Екі ұлымның біреу студент біреуі мектеп жасында. Күйеуім қайтыс болған. Күнкөріс мүлдем қиындап кетті. Шындап келгенде мектепке киім әпере алмай қиналдым.

Алмаз Қошанов, «Хантау» цемент зауытының инженері:

-700 мың оңай ақша емес. Мемлекетке 10 мың қарыз болсаң, есеп-шоттың бәрін жауып тастайды. Ал бізге қарыз болса, ешкімнің жаны ашымайды.  

Жұрт төрт жыл бойы толық қуатымен тоқтаусыз жұмыс істеген, жылына 500 тоннадан астам өнім беретін зауыттың неліктен тоқырауға ұшырағанын түсінбейді. Өндіріс басшылығы жалпы саны 300-ге жуық адаммен есеп айырыса алмаған. Кейін инвестициялық жобаларды қолдау қоры көмек қолын созып, тек тең жарымына жалақы беріпті.      

Даниярбек Атауллаұлы, «Хантау» цемент зауыты еңбек қауіпсіздігін қорғау бөлімінің басшысы:

-Енді не жұмыстан шыға алмай, не айлық жоқ жүрміз. Жан жаққа тентіреп кеттік. Акционерлік қоғам жоқ. Жабылып қалды. Кеңселері Алматыда еді ғой. Далада қалдық. Қазір жан-жақтан жиналып келіп тұрмыз.

Жұмысшылардың 56 млн. теңге алашағы бар. Ал шенеуніктер бұл өндірістің «қырсық шалған жоба» болғанын жасырмайды. Инвестор әрең табылып, 2009-шы жылы құрылысы басталған зауыт тек 5 жылдан кейін әзер іске қосылған. Енді тауары өтпей, коммуналдық қызмет пен салыққа берешегі артып, қосымша жалақы жамалып, жалпы саны 505 млн.теңгеге  қарызға батқан. Ал өндірістің болашағы қордың қолында.  

Бақытжан Есеев, Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары:

-"Инфест қор" биылғы жылдың аяғы болғасын ақша бөлінбей жатыр дейді. Олар келесі жылы ақша қарастырамыз дейді. Сосын ИТР-дің ақшасын жауып, инвестор табылса мамандарды қайта аламыз деп отыр.

Наразы топ тіршілігі тоқтаған өндіріс орнының маңына аттап басуға қорқады. Айтуларынша, жұмысшылар бұған дейін жалақыларын даулап, бірнеше мәрте жиын өткізіп, наразылық білдірген. Сол сәтте атқарушы билік өкілдері «заңсыз митинг» ұйымдастырдыңдар деп, оларға сес көрсеткен. Тіпті қайталанса «бастарың дауға қалады» -деп шошытқан. Содан бері бірде-бір маманның зауыт маңына жақындауға жүрегі дауламайды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде