Эколог зымыраннан төгілген керосиннің қоршаған ортаға келтірген зардабы жайлы айтты
Қоршаған ортаға келген зиян жоқ! Құлаған зымыранға қатысты алдын ала зерттеу нәтижесін жариялаған Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осылай дейді. Жезқазғанның төңірегінен алынған тоқсаннан астам топырақ сынамасынан бірде бір радиация белгісін таба алмапты. Ал қазақ жеріне 22 тонна керосин төгілген. Экологтар қауіптің көкесі осыдан келеді деп зар қақсап отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
16.10.2018
Қазір бұл мәселемен екі елдің үкіметаралық комиссиясы айналысып жатыр. Солардың қорытындысынан кейін нақты себебі айтылады. «Союз» зымыраны қазанның 11-і күні аспанда жарылып кеткен болатын. Ішіндегі ресейлік Алексей Овчинин мен NASA ғарышкері Ник Хейг дін аман жерге оралды. Ал жерге түскен үш бөлшек зымыран бөлінісінің бірінші кезеңіне жатады.
Оларды Ресей мемлекеттік ғарыш корпорациясы Самара зауытына әкеткен. Қай жерден кінәрат кеткенін сонда анықтамақ. Ал төртінші бөлігі жоқ. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәлімдеуінше, сол зымыраннан ажырамай қалып, апат содан болуы мүмкін. Ішіндегі керосиннің басым бөлігі 47 шақырым биіктікте жанып кеткен.
Содан қалған 22 тоннасы жерімізге төгіліпті. Алайда, алдын ала мәліметтеріне қарасақ, топырағымыз тап-таза. Ең қауіптісі, керосин төгілген аумақ киіктердің жайылымы екен. Министрлік өкілі болса жанармайдың киіктерге келіп-кетері жоқ деп жайбарақат отыр.
Марат Нұрғожин, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:
-90 пайызы аспанда жанып кетті. Жерге түскен фрагменттері 22 тонна деп отырмыз. Соны қазір біз зерттеп жатырмыз. Бірақ, керосин сайғактарға зиян келтіреді деп ойламаймын. Бір-екі жұмадан кейін бүкіл сараптамалары шықса толығырақ айтамыз.
Ал экологтар үзілді-кесілді қарсы. Керосиннің гептилдей улы емес екендігі белгілі ғой. Дегенмен, экологтар мынадан қорқады. Осыдан бес жыл бұрын табиғатымызды ластаған улы гептилден кейін Ресей миллиондаған доллар өтемақыны сол күйі төлемей кеткен.
Сол тағы қайталана ма деп қауіптенеді. Себебі, мамандардың айтуынша, Ресейдің ғарыш кемелері бізді әбден шаршатқан. Былтырдың өзінде екі рет апатқа ұшыраған еді. Биыл да дағдысынан жаңылмапты. Тонналаған керосин топырағымыз бен шөбімізге сіңіп қалса, өсімдік пен жан-жануар түгіл адам денсаулығын да құртады дейді.
Мұсағали Дуамбеков, эколог:
-Сол керосинмен біз бүкіл қоршаған ортаны ластадық. Ол жерде жануарлар бар, жәндіктер бар, ағаш бар, өсімдік бар. Осының бәрі керосиннен зардап шекті.
Сондықтан, бұларды қойып, техникасы дамыған Еуропа елдерімен келісіп, солардың зымырандарын ұшыру керек дейді. Жалпы, жыл аяғына дейін үш бірдей зымыранды ұшыру жоспарда болған екен. Енді мына апаттан кейін «Роскосмос» оның бәрін тоқтатып қойды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!