Таразда үлескерлер 10 жылдан бері өздеріне тиесілі үйлерін ала алмай сенделіп жүр
Айтуларынша, құрылыс компаниясы сан сылтауды айтып ақшасы төленген, заңды баспаналарды үлестіруге құлықсыз. Тіпті жауапты фирма сот арқылы да міндеттелген. Алайда олар шешімді орындаудың орнына қарсы шағым түсіріп айқасып жатыр.
Автор: Руслан Әбдіхалық
16.10.2018
Қаланың қақ ортасындағы бұл элиталық үйлер 2007-ші жылы тұрғызылған. Үлескерлер сол кезде қырауар ақша құйып, осы жерден пәтер алуға үміттенген. Алайда армандары сол күйі орындалмады. Қалтадағы соңғы тиынына дейін санап берген салымшылар бұйырмаған баспананың енді тек сыртынан сүйсініп қаруға мәжбүр.
Әлішер Әлішеров ең көп қаржы құйғандардың бірі. Ол туған інісімен 4 пәтерге 36 млн. теңге төккен. Әр баспана 120 шаршы метрден кем болмауы тиіс. Бірақ күні бүгінге дейін аядай бөлменің өзі бұйыратын емес.
Әлішер Әлішеров, үлескер:
-2007-ші жылдың қаңтар айында біз ақшасын төлеп, желтоқсан айында пәтерлерді алуымыз керек еді. Ал қазір не үй, не ақша жоқ сенделіп қалдық. Жағдайда да мәз емес. Қартайған шақта дымсыз қалдық.
Жалпы саны 28 салымшы фирмамен дауласып жүр. Айтуларынша, әу баста құрылысты қолға алған компания басшысының мезгілсіз қазасынан кейін шаруаны екінші серіктестік іліп әкеткен. Сол жауапты мердігер жұртты сенделтіп жүрген көрінеді. Өткен жылы қалалық сот даулы істі бұқараның пайдасына шешкен. Яғни не баспана не ақша қайтарылуы тиіс. Алайда компания жоғарғы сотқа арызданып, енді іс облыста қайта қаралуда.
Елена Косенко, үлескер:
- Біз он жылдан бері дауласып шаршадық. Мен алған ипотекамды осы жылдың сәуір айында әрең төлеп құтылдым. Сіздерде ұят бар ма өзі? Қашан баспанамызды бересіздер? Қалалық соттың шешімін өзгертпеуді сұраймыз.
Компания бүтін бір подьезді салымшыларға сақтап отырғаны анықталды. Алайда ұсынылған пәтерлердің шаршы метрі келісілгеннен еселеп кем түскесін ел-жұрт одан бас тартқан. Бірақ қазір соның өзіне жете алмайтын түрлері бар. Өйткені мердігер сөзден жиі секіреді дейді. Бұл жолы да серіктестік өкілі соны аңғартқандай.
-Біз бұл істі салымшылардың пайдасына шешілуін әділетсіз деп есептейміз. Сондықтан біздің апелляциялық талабымызды қанағаттандыруды және 2017-ші жылғы 1-ші мамырдағы қалалық соттың шешімін бұзуды сұраймыз.
Сотта фирманың өтініші еленбей, алғашқы шешім сол қалпы сақталды. Яғни серіктестік сенделген елдің талабын енді толық қанағаттандыру тиіс. Алайда бұқара компания үкімді орындайды дегенге сенбейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!