Шымкентте автокөлік ұрылары ауыр жаралаған полицей есін жиды
Қазір жағдайы тұрақты болғанымен, әлі де ауырлау. Ал күдіктілер бұрын да сотталып, түрмеден рақымшылықпен шыққандар екен. Айта кетсек, кеше автокөлік тіміскілеп жүрген жігіттерді құрықтау кезінде екі полицей жарақат алған еді. Әйтсе де, күдіктілер құтылып кете алмаған.
Автор: Бек Әбиев
18.10.2018
Оқиға тапа-тал түсте қала орталығындағы мына автотұрақта болған. Ішкі істер департаментінің тапсырмасымен кетіп бара жатқан қос полицей автокөліктерді тіміскілеп жүрген екеуді байқап қалады. Тәртіп сақшылары күдіктілерге жақындап, құжат сұрағанда әлгі екеудің тарапынан қарсылыққа тап болыпты.
25 пен 30 жас аралығындағы екі күдікті тәртіп сақышылары құжаттарын көрсеткенін де көзге ілмеген. Өздерін таныстырудан бас тартып, көлікке жүр дегенде екеуі екі жаққа қаша жөнелген. Учаскелік инспектор Нұрқанат Керімбеков қашқынның біреуін жерге құлатам дегенше күдікті капитанды мысықша тырнап тастапты. Оны аяқ-қолын байлап әріптесіне көмекке барған.
Нұрқанат Керімбеков, учаскелік инспектор:
-Күдіктінің біреуі Қонаев гүлзарына қарай қаша жөнелді. Мен екіншісімен алысып, оны ұстап қалдым. Алысып, қолын байлап автокөлікке самбо әдісін қолданып автокөлігіме отырғызып, Омаровтың ұстап отырған жеріне бардым. Омаров Нұржанның үстінен қан ағып жатты.
Ал, екінші күдіктіні қуып кеткен Нұржан Омаровтың әрекеті көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты. Қашып бара жатқан жігітті қуып жеткенімен қоймай, бірнеше жерінен пышақ сұғып жатса да қашқынды тырп еткізбей ұстаған аға лейтенантты әріптестері батырға балап отыр. Осыдан кейін көп қан жоғалтып, бір жарым сағат отадан өткен тәртіп сақшысының өзі бүгін бізге сұхбат берді.
Нұржан Омаров, учаскелік полицейдің көмекшісі:
-Қуалап жетіп желкесінен ұстадым. Алысқандай болды. Пышағын көрмедім. Ол қолымның әлі кетіп қалды. Қарасам қолым қанап жатыр екен. Бір теуіп едім құлады. Қолынан пышақ түсті.
Дәрігерлер 3 баланың әкесінің жағдайын қазір бір қалыпты да ауыр деп отыр. Жұмысқа шыққан соң марапатталмақ. Оны бүгін артынан келген басшылары айтты. Ал күдіктілердің екеуі де бұрын сотты болған екен.
Ерғали Кенжебаев, Әл Фараби АПБ жергілікті полиция қызметінің бастығы:
-Бұрынғы ОҚО, Кентау қаласының азаматы. 1992-ші жылғы. Бұрын осындай ұсақ-түйек ұрлықтар жасаған. Ұялы телефон ұрлап абақтыға қамалған. Сонымен амнистияға түсіп, шыққанына көп болмапты.
Яғни пышақ сұққан азамат рахымшылық заңына ілініп, жазасын шартты түрде орындап жүрген. Тек бостандықта шартты түрде жүрген адамның шалғайдағы Кентаудан қалайша Шымкентке келіп қылмыс жасап жүргені түсініксіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!