Шпекбаев кешкі сағат 6 жарымнан кейін шенеуніктердің компьютерлерін өшіріп тастамақ
Алик Шпекбаев шенеуніктердің жеке өміріне қалатын уақытты өзі санап, қатаң қадағаламақ. Ол үшін кешкі сағат 6 жарымнан кейін мемлекеттік мекемелердегі компьютерлер автоматты түрде сөндіріледі. Сонда жұмыс уақыты 8 сағаттан аспайды екен. Жалпы, елімізде мемлекеттік қызметке қабылдау тәртібі де өзгереді. Болашақта «А» корпусына резерв мүлдем болмауы мүмкін.
Автор: Жәудір Оразхан
19.10.2018
Елімізде министрлік, департамент және әкімдік қызметкерлерінің түн ортасына дейін жұмыс істеуі қалыпты жағдайға айналған. Бұрын да айтылды. Астанадағы мемлекеттік мекемелердің еш жерде жазылмаған өз заңы бар: бірінші басшы кабинетінен шығып кетпейінше оның орынбасарлары мен қатардағы мамандар тапжылмай кеңседе отыруы тиіс. Басшының алдына түсіп, үйге қайтуға болмайды. Алик Шпекбаев жылдар бойы қалыптасқан осы әдетті бір күнде бұзбақ.
Алик Шпекбаев, Мемлекеттік қызмет істері және сыйбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттік төрағасы:
-Мемлекеттік мекемелердегі компьютерлерді сағат 18-30-да автоматты түрде өшіріп тастаймыз. Бұл мәселе шешілді. Кейбір мекемелерде пилот ретінде жүзеге асуда. Мемлекеттік қызметкерде жұмыстан бөлек жеке өміріне де уақыт қалу керек.
Жуырда президент те Үкімет басышысына сағаттап жиын өткізуді және қарамағындағыларды қас қарайғанша жұмыста ұстауды доғару керектігін қайталап айтып, соңғы рет ескеру жасаған еді.
-Енді Шпекбаевтың жоспары жүзеге асса, кешке кеңселерде адам қалмайын деп тұр. Сағат 18-30-да компьютерлер автоматты түрде сөніп қалған соң, шенеуіктердің де жұрт қатарлы жұмыстан шығып, кешкі кездесуге, отбасымен қонаққа, спорт залына барып, кітап оқуына уақыты болады.
Мемлекеттік қызметкерлердің айыға алмай жүрген тағы бір «ауруы» бар - жемқорлық деген. Бұған дейін орынбасары немесе қарамағындағы қызметкер парамен ұсталса, бірінші басшы да жауапқа тартылуы керектігі айтылған. Бірақ басшыларға жеңілдіктер де қарастырылыпты.
Алик Шпекбаев, Мемлекеттік қызмет және сыйбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттік төрағасы:
-Егер бірінші басшы тұрақты пара алып жүргендерді өзі анықтап, жемқорлыққа жол бермеуге тырысса, онда ол жазаланбайды. Осындай жеңілдік бар. Ал мекемедегі жемқорлықты құзырлы орган әшкерелесе, бірінші басшы да жауап береді.
Елімізде мемлекеттік қызметке қабылдау тәрітібі де өзгермек. Шпекбаев «А» корпусына резервті мүлдем алып тастап, лауазымды, басшылық қызметке лайықтыларды байқау арқылы іріктеуді ұсынбақ. Айта кетейік, «А» корпусына жауапты хатшы, аппарат басшылары, комитет төрағалары мен облыс, қала, аудан әкімдері кіреді. Ал «Б» корпусына үміткерлер қазіргідей үш байқаудан өтпейді, екі рет сынақ тапсырады. Сонда оған кететін уақыт 50 күннен екі аптаға қысқармақ. Мұның бәрі – әзірге Шпекбаевтың жоспары. Агенттік төрағасы ұсыныстарын қағазға түсіріп, Президент әкімшілігіне ұсынбақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!