Астанада вирустық менингит шыққан мектептерде жаппай дезинфекция жүріп жатыр
Санэпидемиологтар білім ошақтарын аралап, дерттен қалай сақтану керектігін түсіндіріп жүрсе, еден жуушыларда тыным жоқ.
Автор: Досжан Маратұлы
19.10.2018
Әрбір сынып пен дәліздерді осылай арнайы сұйықтықпен тазалап жүр. Әрі ұстаздар үзіліс сайын терезе ашып, сыныпты желдетіп тұрады екен. Ал, оқушылар болса, бетпердемен жүр. Оның үстіне ұл-қыздардың біразы сабаққа келмей қалған. Өйткені, №21,71,75,79 бен Назарбаев зияткерлік мектебінде оқитын 8 оқушы вирустық менингитке шалдықты деген күдікпен ауруханаға жатқызылған. Бірақ ауруды тек 4-еуінің жұқтырғаны расталды. Қалғаны сараптама қорытындысын күтуде. Барлығының жағдайы тұрақты дейді дәрігерлер. Ал ауру жұқпалы болғандықтан ата-аналардың біразы ұл-қыздарын мектепке жіберуден бас тартып, білім ошақтарын карантинге жабуды талап еткен болатын. Бірақ бұлай жасауға негіз жоқ деген мектеп басшылығы, ата-аналарды үрейге бой алдырмауға шақырды. Әрі денсаулығы үшін алаңдап сабақтан қалғандарға кешіріммен қараймыз деп отыр.
Майнұр Тұрсынбекова, №75 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:
-Ата-аналарға ескерту айтылды. Бірақ баласына алаңдағандықтан осылай болды. Оны ескереміз. Бізде ата-анамыз. Сондықтан кешіріммен қараймыз. Егер қалып қойғандар қаласа, қосымша сабақтарға келуге болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!