{metadescription}
Әйгілі «Бозторғай» әнінің авторы дүниеден өтті
Әйгілі «Бозторғай» әнінің авторы дүниеден өтті

Әйгілі «Бозторғай» әнінің авторы дүниеден өтті

Қазақтың ән әлемінде өшпес мұра қалдырған ақын Әдірахман Асылбек 81 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Ол әйгілі «Жар-жар» сияқты өшпес той жырының, «Бозторғай» секілді жұрттың жүрегін тебіренткен тамаша әндердің сөзін жазған. Ақынды ертең Алматыда Жазушылар одағында ақтық сапарға шығарып салады. Марқұм туған өлкесі Әулие ата жеріндегі киелі Тектұрмас кесенесінде жерлененетін болды.

Шаңырақ көтерген жастардың мәңгілік махаббатына бойтұмар болған «Жар-жардың» сөзін жазған ақын Әбдірахман Асылбек өмірден өтті. Ақын ұлтымыздың ән өнерінің тұнығын лайламай, талай талғамы биік сазгерлердің сазды әуеніне сөз жазды. Оның қаламынан туған «Бозторғай» әні бала Мейрамбекті дүйім халыққа танытып, елдің жүрегін елжіреткен-ді. 

Алтынбек Қоразбаев, сазгер:

-Енді Әбдірахман ағаммен мен бірнеше ән жаздым. Оннан астам. Оның ішінде ең жұлдызысы осы «Бозторғай» мен «Қара шал» толғауы болатын. Ағамыз мәңгілік деп айтар едім. Мен үшін мәңгілік. Әбдірахман Асылбектің өлеңіне ән жазбаған сазгер кемде-кем шығар.

Әбдірахман Асылбектің балаларға арнап жазған өлеңдері баға жетпес байлық. Шығармашылық ғұмырында ол поэзия, лирика, аударма мен сатира жанрларында қалам тербеді. Ұзақ жыл қазақ баспасөзінде және радиосында қызмет етті.

Бақыт Беделхан, ақын:

-Кешегі әдебиет тарихында бір дәуірдің өзін көрген, соның куәсі болған. Қазірге дейін бүкіл шығармалары, ән мәтіндері, балаларға арналған дүниелері, аудармаларының барлығы біздің ұлт әдебиетінің қазынасына айналып үлгерген тұлға.

Өмірінің соңында ақынның исі мұсылман халыққа Құран Кәрімді өлеңмен жырлаған «Қасиетті  Құран - мәңгілік  мұраң» кітабы жарық көрді. Жақында 80 жасын дүбірлетіп атап өткен марқұмның туыстары оның арман-тілегі көп еді дейді.

Исатай Сәрсен, марқұмның туысы:

-Шүкіршілігі, тәубесі бар адам еді. Ешкімнің ала жібін аттаған емес. Ақын кісі еді. Бұл өмірдің өткенші екенін ағамыз баяғыда түсінген.

Желтоқсанның ызғарлы желіне қарсы жүрген қаһарман қара домалақ қыздарымыз бен ұлдарымыздың ерлігін өлеңмен жырлаған Әдірахман Асылбек артында қалған рухани мұрасы мол. Толқын-толқын ұрпақтың оның әндерімен сусындай берері хақ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде