Ақмола облысында халал шұжық жеген бала қайтыс болды
Ақмола облысында үш бала астан уланды! Олардың бірі қайтыс болса, екеуі ауруханада жатыр. Болжам бойынша, балалар шұжықтан уланған. Қазір дәрігерлер сауда орнындағы шұжық өнімдерін бастан аяқ тексеріп жатыр. Ал шетінеген екі жарым жасар қыздың ата-анасы шақырылған дәрігер уақытылы келгенде, құтқарып қалуға болар еді дегенді айтады. Олардың сөздерінше, күндіз шақырылған маман кешке бір-ақ келген.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
22.10.2018
Тұңғыш қыздары Айзереден аяқ астынан айырылған Шәшкеновтер отбасы бәрі қонаққа барудан басталғанын айтады. Екі жарым жастағы Айзере әкесіне еріп, көрші отырған ағасының үйіне барып, түстік ас ішкен. Сонда ойын баласы дастархандағы халал шұжықты қайта-қайта сұрап жеген. Ертеңіне іші өтіп, құсып қатты ауырады. Бірақ күндіз шақырған ауыл дәрігері кешке бір-ақ келді дейді Айзеренің туыстары.
Ержан Шәшкенов, Айзеренің ағасы:
-Ауылдағы дәрігерге сағат 3-тің кезінде хабарласқан. Ол кісі 9-дан аса бір-ақ келді сиырын сауып. 6 сағаттың ішінде не болады баламен? Мен өзі бір жұма бұрын ауылға барғам алдымда жүгіріп жүрген «ата», «ата» деп. 5 күн өткеннен кейін барып жерлеп келдік.
Дәмежан Қайрымденова, Ұрымқай ауылдық амбулаториясының дәрігері:
-5 жарымда қандай сиыр? Бізде сағат 8-де болды.
-Неге жедел жәрдеммен апармадыңыздар.?
-Жедел жәрдем сынып қалды ғой.Моторын бүгін салды. Енді екі күн жатты ғой инфекцияда.
Бурабай аудандық ауруханасының дәрігерлері сәбидің өмірін сақтап қала алмады. Жан сақтау бөлімінде үшінші күні Айзере көз жұмған. Ол ботулизам дертіне шалдыққан болуы мүмкін. Онымен бірге шұжық жеген ағасының екі баласы да қазір Көкшетаудағы ауруханада жатыр. Олардың жағдайы қалыпты. Ал кішкентай қыздың нақты неден шетінегені қазір тексерілуде.
Әсем Төлеубаева,Ақмола облысы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:
-Баланың өліміне анализ жинау барысында тамақтан улану деп тауып отырмыз.Шұжықтан деп отыр. Сондықтан шұжық сынамалары сауда саттық орнынан толықтай дерлік алынды.
Саниталар эпидемиологиялық тексеруді балалардың үйінде де, сауда саттық орнында да жүргізген.Әзірге бала өліміне нақты не себеп болғаны белгісіз. Сараптама қорытындысы әзір болмаған соң, сауда орнында шұжық өнімдерін сатуға тыйым салынбаған. Осы күндері 3 балақайдан басқа шұжықтан улану дерегі тіркелмепті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!