«Баламыз табыс көзіне айналады»: Ақтөбеде ата-аналар балабақшалардың жекенің қолына өтуге қарсылық білдірді
Ақтөбеде ата-аналар әкімдікке баса-көктеп кірді. Олар мемлекет меншігіндегі балабақшалардың жекенің қолына өтуіне қарсы. Жыл соңына дейін әкімдік мектепке дейінгі он шақты мекемені бизнесмендерге сенімхатпен бермекші. Бірақ ол туралы ата-аналарды ескертпеген. Жыл басынан бері шенеуніктер осылай үнсіз тоғыз балабақшаны кәсіпкерлердің басқаруына өткізген еді.
Автор: Жаңалық Ахаш
22.10.2018
Қаладағы мемлекеттік балабақшаларды шенеуніктер шетінен жекенің қолына өткізіп жатқанын естіген тұрғындардан маза қашқан. Таңның атысынан бірнеше балабақшаның белсенді ата-аналары әкімдік ғимаратының алдына жиналды. Олар қол жинап, әкім атына жазылған арыздарын табыстамақ болды. Ғимаратқа баса-көктеп кіргенімен, тәртіп сақшылары оларды кіргізбей қойды. Шенеуніктерге шағымдарын айта келген аналарды әкімдіктің кіре берісіне бір сағаттай үйіріп қойды.
Меруерт Сұлтанова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Біз қарсымыз. Кеше естіп түнімен ұйқымыз келген жоқ. Немере үшін жылаймыз біздер.
Аналардың көз жасынан қаймыққан ақ жағалылар ақыры қабылдауға келісті. Ата-аналар мемлекеттік балабақшаларды жекеге мүлдем өткізбеуді талап етіп отыр. Өйткені бизнесмендерге кеткен дүниеге бақылау болмайтынын айтады.
Ақерке Құдайбергенова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Мемлекеттік балабақшамыздың жекеменшікке көшпеуін сұраймыз. Себебі, жеке кәсіпкер өзінің білгенін істейді. Баламыз табыс көзіне айналады.
Жыл басынан бері Ақтөбедегі тоғыз балабақша жекенің қолына өткен. Кәсіпкерлерге алғашқыда үш жылға сенімхатпен беріп, одан соң басыбайлы солардыкі болады. Дәл осылай ата-аналар бұрын да наразылығын білдірген еді. Бірақ кейін шенеуніктердің үнсіз жекеге өткізіп жібергенін ешкім байқамай қалған.
Ата-аналарды қабылдаған қала әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова серіктестікке өтетін балабақшалар жайын жөнді түсіндіріп бере алмады. Бар болғаны басшысыз отырған білім бөліміне сілтеумен болды.
Күлпаршын Айдарханова, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары:
-Білім бөлімі басшысымен кездесіп өздеріңіздің ұсыныстарыңызды айтып кетіңіздер.
-Сенімгерлікке барлық бақша кете ме?
-Болашақта көреміз. Айта алмаймын.
Ата-аналардың талап-тілегін тыңдауға келген әкім орынбасары ақыры сөзін аяқтамастан кетіп қалды. Белгілісі, жыл соңына дейін мемлекет меншігіндегі он балабақша жекенің қолына сенімхатпен өткізілуі керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!