Алматы облысында жұрт кәріз жүйесіне қосылудан бас тартты
Алматы облысына қарасты Текелі қаласының жұрты әкімдік әбігерге салды деп ашулы. Яғни кәріз жүйесін жүргізбек болғандар шұңқыр қазып, адамдардың жүріп-тұруына бөгет болған. Ал жүргізілген кәріз жүйесіне мұқтаж емес едік дегендер, жүйеге қосылудан бас тартатынын айтады. Шенеуніктер болса, өркениет өрісі кеңейген шақта, құбыр жүргізу заман талабы деген уәж айтады.
Автор: Бек Әбиев
22.10.2018
70 жастағы зейнеткер Любовь Руденко былтырдан бері баспанасынан шығудан қалған. Өткен жаз кезінде кәріз құбырларын жүргіземіз деген құрылысшылар көше бойын қазып тастапты. Бірақ өздері зым-зия жоқ болған. Содан бері жұрт көшеде жүре алмай әуре.
Любовь Руденко, Текелі қаласының тұрғыны:
-Қала басшылары бізді өркениетке үйретеміз деді. Яғни мәдениеттен жұрдай болғанымыз ғой. Олардың ойынша, су жүйелерінің арасына кәріз құбырын тастаса дамыған адам болып шыға келеді екенбіз. Бірақ тірліктері мынау.
Енді Текелідегі ондаған отбасы тар жол, балшық кешуді бастан өткізіп жүр. Қар мен жаңбырдан кейін жүрмек түгілі, көше нағыз су арнасына айналады екен. Ол аз дегендей шұңқыр қазып жатқанда құрылысшылар су құбырын зақымдап тұрғындар сусыз қалған. Әйтсе де, мұндағы жұрттың бәрі жеке-жеке лас су жиналатын құдық қаздырып алған. Сондықтан кәрізге күштесе де қосылмаймыз деп отыр.
Владимир Крышталь, Текелі қаласының тұрғыны:
-Бәріміздің бетондалып, актіленген жеке кәріз құдығымыз бар. Мәселен, біздің көше тұтас кәріз жүйесінен бас тартамыз деп қол қойып, жазып бердік. Бірақ мұнымен санасып жатқан билік жоқ. Жүріп-тұра алмайтындай қылып қазып, соғыстан қалғандай етіп кетті. Не көлік, не адам жүре алмайды.
Ал қалалық кәріз жүйесін жүргіземіз деген ойға осыдан 3 жыл бұрын келген шенеуніктер елдің айтқанын ит үреді, керуен көшедіге балайды.
Ғалым Қызылбаев, Текелі қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
-Біз 21 -ші ғасырда тұрып жатқан соң кейін біз бір қадам болса да жақсылыққа қарай аттауымыз керек қой. Сол себептен 2015-ші жылы сметалық жобалар дайындалған болатын. Оны бүгін біз іске асырып жатырмыз. Бір-екі адамның көшені қазып тастады дегені ол әңгіме емес. Оның бәрі сметада қарастырылған.
Шенеуніктердің айтуынша, жұрт төзім білдірсе, бірер жылда Текеліде 29 шақырымдық кәріз жүйесі пайда болмақ. Бұл үшін облыстан 600 миллион теңге бөлініп те қойған. Тек жұрттың шыдамы таусылған тәрізді. Иленген көшелер мен ойқы-шойқы жолдардан шаршаған тұрғындар кәрізге қосылмаймыз деп енді жаппай жоғарыға шағым түсірмекші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!