Алматыда алапат өрттен зардап шеккендер шығынды кімнен өтерін білмейді
Алматының қақ ортасында дәмхана отқа оранды. Қызыл жалын көше бойындағы көліктерді де шарпыған. Өрттің өршіп кеткені соншалық, дәмхана маңындағы көпқабатты үйлер мен электр автомобильдеріне қуат беретін бекетке де зақым келді. Абырой болғанда, кафе жөндеу жұмыстарына жабылғандықтан, оның ішінде адамдар болмапты.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
25.10.2018
Бейнебақылау камерасынан дәмхана ішінен будақтаған түтін қоюланып, жалын лезде қарқын алғанын аңғаруға болады. Ғимарат тез тұтанғыш материалдардан қапталғандықтан құтқарушыларға өртті ауыздықтау қиынға соққан. Құдай сақтап, уақытша жөндеу жұмыстарына жабылған «Динара» дәмханасында тірі жан болмапты.
-Әп сәтте 280 шаршы метрді шарпыған қызыл жалын көше бойындағы көліктерді де орап алды. Лаулап жанған темір тұлпарлардың қазір тек қаңқасы ғана қалған. Тілсіз жаудың өршіп кеткені соншалық, қарсы беттегі көп қабатты үйлердің терезелері шытынапты.
Жойқын жарылыс шырт ұйқыда жатқан тұрғындардың зәресін ұшырған. Олар жапа-тармағай далаға атып шығыпты. Болжам бойынша, дәмханада газ баллоны жарылуы мүмкін. Сондай-ақ, қызыл жалын тағы бір бес қабатты ғимарат пен электро машиналарды қуаттайтын бекетті де зақымдапты.
Шахнұр Яхметов, куәгер:
-Диванда жатқам. Диванды біреу сілкігендей болды. Терезеге қарасам, өртеніп жатыр екен. Газ балон жарылып оны сөндіре алмады.
Қуат Гелманов жанып жатқан көлігімді сөндірмек түгілі, жанына жолай алмадым деп налиды. Көлігі күлге айналған жүргізуші енді шығынды кімнен өтерін білмей дал.
Қуат Гелманов, Алматы қаласының тұрғыны:
-Бұл көлікпен көп шаруамды бітіретін едім. Енді жаяу қалдым. Аулада бос орын болмаған соң, осы жерге қойдым. Дәмхана қожайыны төлемеймін десе, соттасамын.
Қуаттың көлігімен бірге 8 машина өртенген. Оның алтауының сырты бүлінгенімен, жүруге жарамды. Қазір мұнда өрттен кейінгі қалдықтар сыртқа шығарылып жатыр. Жүргізушілер мен ғимарат басшылары дәмхана қожайынын іздеп жүр. Ал қызыл жалынның нақты неден тұтанғаны әзірге белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!