Алматыда туберкулез шыққан балабақша карантинге жабылмайтын болды
Алматыдағы балабақша меңгерушісінен туберкулездің ашық түрі анықталды. Жайсыз жаңалықты кеше ғана естіген ата-аналар енді балаларының денсаулығы не болады деп естері шыққан. Жаппай рентгенге түсіріп жатыр. Ал аудандық әкімдік осы жағдайдан кейін басшының өз еркімен қызметінен кеткенін мәлімдеді.
Автор: Асқарбек Қазанғап
26.10.2018
Тәрбиелеушілердің өзі жайсыз жаңалықты жұртпен бірге естіген. Меңгерушіні меңдеген дерттен бәрі де бейхабар болған. Балабақшада бүгін тым-тырыс. Дәліз бос. Тек бірен-саран бала ғана ойнап жүр. Түрлері түнерген ата-аналар бұл жағдайда не істеуге боларын білмей дал.
Зәуре Әбішева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Дұрыстап дизинфекция жасасын. Әдейі келіп көрдім, кілемдер дезинфекцияланбаған. Кейін ауру боламыз. Мен бұл жерге бір жыл баламды алып келмеймін. Бірақ орнымның сақталуын талап етемін.
Баласын жетектеген аналар жанұшыра емханаға жаппай бет алған. Айтуларынша, 144-ші балабақша меңгерушісі Анаргүл Қожағұловада дерт жаздан бері болған. Ауру асқынғаннан кейін ғана аттанға басқанның арты кеш болмаса дейді жұрт.
Сәнім Ізбасарова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бәрін ретейміз деп жатыр сендіріп. Қайдағы жағдай? Таңғы сағат жетіден кете келдік. СЭС- тен ешкім келген жоқ.
Қалалық оныншы емханада рентген жасайтын кабинетте ұзын-сонар кезек. Тіптен, жағдайды қадағалау үшін әкімдік өкілдері де осында жеткен. Ата-аналар атқамінерлер келгенше,оларды елемей, кезексіз жібермей жатқанын жайып салды. Мектепке дейінгі мекеме меңгерушісі Анаргүл Қожағұлова туберкулездің ашық түріне шалдыққанын білген соң өз еркімен жұмыстан кеткен. Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті балабақшаны карантинге жабатындай қауіп жоқ дейді. Қазір мекемедегі 144 бүлдіршін мен 21 қызметкер дәрігерге қаралып жатыр.
Әсел Халықова, Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті жетекшісінің орынбасары:
-Науқас жыл сайын флюорографиялық бақылаудан өтіп отырған. Бұған дейін өкпесінде кінәрат бары анықталмады. Соңғы рет рентгенге түскенде ғана, осы дертке шалдыққаны белгілі болды. Қазір онымен байланысты болған барлық адамдар тексеріліп жатыр.
-Таразыда үміттен гөрі күдіктің салмағы басым түсіп тұрғандай. Өйткені, жағдай жіті бақылауда болады дегенмен, көпшілік ата-ананың көңілі алаңдаулы. Дезинфекциялық тазарту жүргізілгенмен, рентгенннен бәрі жаппай өткенмен, балабақшаны жабу керек деген пікірлерінен танбай тұр. Өйткені, «ауруын жасырған өледінің» кері келмесін дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!