Астанадағы балабақшада 3 жасар баланың аяғы сынып ауруханадан бір-ақ шықты
Астанада жекеменшік балабақшалардың бірінде үш жасар бүлдіршіннің аяғы сынып, ауруханадан бір-ақ шықты. Бірақ ауыр жарақаттың неден болғанын ешкім білмейді. Бейнежазбадан қарайын десе, бақылау камерасы да жоқ. Ал балабақша басшылығы ойнап жүріп өзі құлады дегеннен танбай отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
26.10.2018
Бұл үш жасар Мирастың отадан шыққаннан кейінгі түрі. Оң аяғының жілігі ортасынан бөлінген балақай қатты ауырсынып жатыр. Ол ауыр жарақат балабақшада болыпты. Бет-жүзін көрсеткісі келмеген ондағы тәрбиешісі Мирас әжетханадан шыққан бойда аяғы тайып құлап қалды, аяғы содан сынды дегеннен танбай отыр.
- Құлап қалғанын айтты. Дереу анасына хабарластым. Құлап қалған ғой.
Атасы мен әжесінің ашуын келтірген де осы сөз. Бала өздігінен құласа, одан жілігін сындыруы мүмкін емес дейді. Болған жайды естіген бойда бүкіл тіршілігін тастап, Петропавлдан жетіп келіпті. Олардың айтуынша, аяғы сынып зар қақсап жатса да тәрбиешісі дәрігер шақырмай, ата-анасына хабар берген. Онысы нағыз өз жұмысын білмегендік дейді.
Зәмзәгүл Тыныбекова, Мирастың әжесі:
- Жатқан кезінде үстінен бала жүгіріп өткен. Аяғын, санын басып отыр. Немеремем мына екі бала аяғымды басты деп көрсетеді.
Ай сайын елу мың теңге төлеп, баласын бақтырып отырған жерде бақылау камерасы да қойылмаған. Соның кесірінен, Мирастың аяғы қалай сынғаны беймәлім болып тұр. Оны өздері де мойындайды.
Лилия Огерук, Балаларды дамыту орталығының меңгерушісі:
-Камера орнатылмаған, сол үшін кінәліміз. Бірден жедел жәрдем шақырмадық, оны да мойындаймын. Бірақ, ешкім Мирастың үстіне шығып секірген жоқ. Тәрбиеші нақты болған жайды айтып тұр. Бізге тағы не айтарыңыз бар?
Бұл мекеме құжат бойынша "Лотто" балаларды дамыту орталығы ретінде тіркелген. Бірақ балабақшадан айырмасы шамалы. Тек жас шектеуі жоқ. Бір жарымнан 14 жасқа дейін балаларды қабылдап, жас ерекшелігіне сай топ-топқа бөліп, олардың ой-санасын дамытудан бастап, сабағына дейін көмектеседі. Енді осы үлкен даудан соң беделіне нұқсан келіп басына қар бұлт үйірілгелі тұр.
- Ал дәрігерлер Мирастың аяқтан тұрып кетуі үшін көп уақыт керегін айтып отыр. Ал мына болған жайтқа қатысты балалар қауіпсіздігіне салғырт қарау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып кетті. Мирастың атасы мен әжесі орталықты сотқа беріп, қалайда жаптырып тынбақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!