Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы кепілақымен бостандыққа жіберілді
Мәдениет және спорт министрлігінде тағы бір лауазымды шенеунік істі болып жатыр. Бұл жолы жемқорлық дауына іліккен ведомствоның білдей жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев. 52 жастағы атқамінер қазір кепілақымен бостандыққа жіберілген.
Автор: Досжан Маратұлы
29.10.2018
Күміс Сейітова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі заң қызметі департаментінің директоры:
-Мәдениет министрлігі тергеуге көмектесіп, Жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро қызметкерлері сұраған құжаттарды еш кедергісіз беріп жатыр . Негізі Қуатжан Уәлиев 24-қазаннан бастап министрдің бұйрығымен ресми түрде 10 күнге ақысыз демалысқа жіберілген.
Жауапты хатшыны Ұлттық бюро қызметкерлері сол демалыс уақытында ұстаған. Кепілақымен бостандыққа жіберілген ол тергеу аяқталғанша қатаң бақылауда болмақ. 2014 жылы жауапты хатшы қызметіне тағайындалған Уәлиевтің нақты не үшін шатылып жатқаны әзірге құпия сақталып отыр. Оның Еренай Дәржібаевпен байланысы бар-жоғын тергеу анықтауы керек. Айта кетсек, Әкімшілік департаментінің директоры бірнеше күн мейрамханалардың бірінде пара алды деген күдікпен ұсталған еді. Қазір ол үйқамақта отыр. Дауға қалған екі шенеунік те әзірге қызметінен шеттетілмеген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!