Бюджетті байытқан «Сергек»
Бақылау камерасының көмегімен қазынаға миллиардтан астам теңге түсіпті. Ереже бұзған көліктерді фото, видеоға түсіретін құрылғының арқасында Астанада жол апаты 16, ал адам өлімі 54 пайызға төмендеді дейді әкімдіктегілер.
Автор: Жәудір Оразхан
29.10.2018
Елордаға «Сергек» былтырдан орнатыла бастаған. Бақылау камерасын отандық мамандар мен Назарбаев университетінің ғалымдары құрастырды. «Сергек» сақшылардың орнын басты деуге болады. Камера 24 сағат бойы жұмыс істейді. Ол жолдың қарсы бетіне шығып, бағдаршамның қызыл түсі жанғанда жүріп кеткендер мен жылдамдықты асырған темір тұлпарды видео, фотоға түсіреді. Кейін ереже бұзған көліктің иесіне айыппұл көлемі хат болып барады. «Сергектің» көмегімен 1 жылда бюджетке 1 миллиардтан астам теңге түсіпті. Яғни бақылау камерасының көмегімен әкімдік табыс тауып отыр. Әрі қалада апат та азайған. «Сергек» пилоттық жоба ретінде Алматы мен Шымкентке де орнатылған. Ал Астанаға жалпы 13 мың камера қою жоспарда бар. Қазір мұнда бес мыңға жуық камера жұмыс істеп тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!