Адам өлтірді делінген тоңазытқыштың айналасындағы дау толастар емес
Алматы облысына қарасты Қарабұлақ ауылындағы дүкендердің біріндегі сусындарды салқындатқыш құрылғы 21 жастағы сатушының өліміне себеп болған. Тергеушілер мұны жазатайым жағдай деп, істі жапты. Өйткені Татьяна Лукина тоққа түскен. Алайда мұнымен қызынан айырылған отбасы келіспей отыр.
Автор: Жанар Низамутдинова
29.10.2018
21 жастағы Татьяна Лукинаның өлімінен соң Қарабұлақ ауылының халқы тыныш жата алмай, тиісті орындармен бірге дүкенді тексерген. Көргеннен көз шошиды дейді өздері. Қуықтай ғана бөлме тоңазытқыштарға толы. Татьянаның қазасына себепкер болған құрылғы да тоқ көзінен ажыратылмаған. Тұрғындардың айтуынша, бұл дүкен бүкіл ауыл халқына қауіп төндіріп тұр.
Андрей Сидоров, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:
- Адам өлімінен соң полицейлер дүкенді мөрлеген де жоқ. Тоңазытқыш та тексерілмеді. Барлығының астына резеңкеден жасалған кілемшелер төселу керек. Оның біреуі де жоқ. Бұл – дүкен иелерінің өз қызметкерлері мен ауыл халқының қауіпсіздігіне бас ауыртпағандығы деп түсінеміз. Және тоңазытқышты орнатқандардың да кінәсі бар.
Дүкен иесі Галина Мезинцева болса, биыл көктемде ғана дүкенге жөндеу жұмыстарының жүргізгенін айтады. Ондағы техниканы да тексертіпті. Бірақ болған оқиғаны түсіне алар емеспін дейді.
Галина Мезинцева, дүкен иесі:
- Көктемде төбесін де жаптық су өтпейтін қылып, бәрі жөнделді, тіпті миым жетпейді не болғанына. Татьянаны тоқ ұрып өлтіргеніне өкінемін, әрине, басқа не айтамын?
Татьяна Лукинаның жасы 70-тен асқан әжесі Зоя Юртаеваның да 4 жастағы шөбересі Милананы бауырына басып, жылағаннан басқа шарасы жоқ. Оның ендігі мақсаты - қызының өліміне кінәлілерді тауып, оларды Милананы кәмелеттік жасқа жеткенше бағып-қағуға міндеттеу.
Зоя Юртаева, марқұмның әжесі:
-Жауаптылар Милана он сегізге толғанша өтемақы төлесін. Солай ғана баланың анасының орнын басуға болады деп ойлаймын. Ол қаржыны шөберемді оқытуға тағы басқа керек-жарақтарына жұмсаймын ғой.
Бірақ, Зоя әжейдің дегені болмайтын секілді. Өйткені полиция бұны жазатайым жағдай деп отыр. Қисынға салсақ, солай. Бірақ ауылдықтар бұған наразылық білдіріп, істің қайта қаралуын талап етуде.
Владимир Наточий, Қарабұлақ ауылының белсендісі:
-Келіспейміз мұндай шешіммен. Полиция қызметкерлері әлдекімдердің өтініші бойынша істі жауып, жемқорлыққа жол беріп отыр деп есептейміз.
Қарабұлақтықтар енді облыстың прокуратурасына шағымданбақ. Барлығы жиналып істің қайта қаралуын және кішкентай Милананың құқығының қорғалуын талап етіп, хат жіберіп қойыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!