Алматыда ақша төлеп баспанасыз қалған жұрт шу шығарды
Осы Алматыда тағы бір топ адам жекеменшік компаниядан алдандық-деп шу шығарды. Ал ондағылар жұмыс тауып берумен емес, пәтер әперумен айналысыпты. Сенімге кіргендер аңғал жұртты алғашқы жарнаны төлесең, қалаған баспанаңды алып береміз деп сендірген. Енді жұрт қыруар ақшаларын қайтара алмай жүр.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
30.10.2018
Алдандық деп шулаған жұрт бүгін «Шаңырақ» атты кооперативтің кеңсесіне тағы келді. Олар алғашқы жарнасын төлесең, баспана алып беруге уәде еткен компанияға соңғы тиындарын санап беріпті. Енді сенімге кіргендерден ақшаларын өндіре алмай сенделіп жүр.
Гүлназ Шалтабаева, Алматы қаласының тұрғыны:
-Екі миллионымды бермей тұр. Күнде осылардың табалдырығын тоздырып шаршадық. Келісім барлығы бар қолымызда. Сол ақшамызды қайтарса екен дейміз.
150-ге жуық адамның әрқайсысы 2 млн теңгені компания шотына аударыпты. Келісім бойынша үй алғандар кооперативке 30 жыл үстеме пайызсыз несие ретінде төлеуі тиіс еді. Алайда, кезекті сарыла күткендер баспанадан үміт үзіп, көңілдерінде күдік ұялаған.
Ақмарал Өскелеңова, Алматы қаласының тұрғыны:
-Маған бір жылда пәтер аласыз деп уәде етті. Мен "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде " тұрған ақшамды әкеп салдым. Мен 51-демін 80 жасқа дейін пәтер ала алмайтыныма көзім жетті.
Жұртты сабырған шақырған «Шаңырақ» тұтынушылар кооперативі заң аясында жұмыс істейміз деп отыр. Олардың айтуларынша, үй кезекпен барлығына беріледі. Ал компания қызметінен бас тартқандарға ақшаны қайтаруға шоттың бұғатталуы қолбайлау.
Наталья Бриленок, «Шаңырақ» тұтынушылар кооперативі басқарма басшысының орынбасары:
-Біз үстеме пайызсыз баспана алуға көмектесеміз. Ешкімді алдамаймыз. Қорықпаңыздар. Бұл ипотекаға ұқсас жүйе. Бірақ жылдам жұмыс істейді. Ақшаны қайтарып береміз. Бұғатталған шотымыз қалай ашылады, солай кезекпен таратамыз. Уайымдамаңыздар.
Дегенмен, құр уәдеден мезі болған жұрт компания өкілдеріне сенуден қалған. Олар істің ақ-қарасын ажырату үшін қалалық прокуратуға ұжымдық арыз жаздық дейді. Жұрт енді бұл компанияның жұмысы қаншалықты заңды екенін құқық қорғау орындарынан сұрап білмек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!