Оңтүстік өңірді Астанамен жалғап жатқан жолдың тас-талқаны шыққан
Еліміздің оңтүстік өңіріндегі жұртқа Астанаға көлікпен жету қиямет-қайым. Олардың тек пойызға немесе ұшаққа отырудан басқа амалы қалмай барады. Себебі, бас қалаға апаратын күре жолдың Мойынқұмдағы бөлігінің тас-талқаны шыққан. Соның кесірінен көліктердің қатынауы мұң. Жолдың жайы қашан шешілмек?
Автор: Руслан Әбдіхалық
30.10.2018
-Мен Қазақстанның оңтүстік өңірін Астанамен жалғап жатқан күре жолдың бойымен келемін. Республикалық маңызға ие тас жолдың қазіргі сиқы осы, тас талқаны шыққан. Дәл осындай шұңқырлаға көліктер түсіп, машиналар бұзылып, жолаушылар діттеген жерлеріне жете алмай, жолда қаңтарылып тұруға мәжбүр.
Шұрық-тесік жол жүргізушілердің зығырданын қайнатты. Айтуларынша, дәл осы тас жолмен қатынау адам өміріне қауіпті. Осы күре жолдың бойынан қираған көліктерді көптеп көруге болады. Апатқа ұшырағандары да қаншама. Мәселен, мына картоп тиелген камаздың доңғалағы жарылып аударылған. Тауары түкке жарамсыз.
Ибрагим Мұхтар, көлік жүргізушісі:
-Әр шұңқырға түседі. Оның тереңдігі 15 см. Осыдан бәрі жарылады. Мына диск жарылып, машина былай қарай аударылды.
Бұл жолда асықсаң апатқа ұшырайсың. Сондықтан өгіз аяңмен қозғалуға тура келеді. Ал жүргізушілер «Бурылбайтал» елдегі ең нашар жол дейді.
Ильхам Шораев, көлік жүргізушісі:
-200 км жерде жол жоқ. Осы қашықтықты 5-6 сағатта әзер жүріп өтеміз. Доңғалақ жиі жарылып әбден қиналамыз. 8 жыл осы жолмен жүріп келемін. Ал қазір тіптен нашар. Қанша елде жүрмін. Бұл ең нашары.
Жауаптылар Жамбылдағы қираған 270 шақырым асфальтты қалпына келтіруге келер жылы кірісеміз деп сендірді. Жолдың тең жарамы төрт, қалғаны екі жолақты болмақ. Қазір жобаның сметалық құжатын әзірлеп, сараптамаға жіберген.
Айжан Туғанова, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ құрылыс дирекциясының басқарушы директоры:
-Наурыз айы болғанда экспертизадан шығып жұмысты бастаған болар едік. Қыстың күні жұмыс істеуге болмайды.Сондықтан құрылыс маусымының басында жұмыс басталады.
Алайда бұқараның бұл уәжге иланғысы жоқ. Өйткені осыған дейін де жол «биыл жөнделеді» деп уәде берілген болатын. Бірақ жеме-жемге келгенде кейінге шегерілген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!