Ақтөбеде жағажай басшысы сот алдында жауап беріп жатыр
Ақтөбеде тік жар құлап, алты адамды басып қалған жағажайдың басшысына қатысты сот басталды. 35 жастағы Арман Қазыбаев демалуға келгендердің қауіпсіздігіне жағдай жасамағаны үшін айыпталып отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
31.10.2018
Осыдан үш ай бұрын бір отбасы дәл осы өзен жағасындағы «Інжу» деп аталатын демалыс орнына келеді. Өздеріне жайлы сәкі жалдап, әйелдер балаларымен сонда отырады. Бір мезетте тік жар опырылып, 4 келіншек пен екі сәби топырақ астында қалған. Үйінді астынан ересектері өздері шығып, артынша қос бүлдіршінді қазып алады. Абырой болғанда екі бала аман. Тек сүйегі сынып, өкпесі мен бауыры қысылған он айлық сәби, әлі дәрігерлердің күтімінде. Енді осы үшін соттан жағажай директорын қатаң жазалауды сұрап отыр. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Арман Қазыбаев Елек өзені жағасынан демалыс орнын заңсыз салған. Ол үшін әкімдіктен рұқсат алмапты. Онымен қоймай, демалушылар отыратын сәкіні тік жардың жанынан бойлай орнатқан. Бірақ жағажай басшысы тағылған айыпты мойындап отырған жоқ. Ал жәбірленушілер оны жазалатып қана қоймай, өтемақы талап етпекші. Бірақ әзірге ол шығындарының қанша екенін айтпай отыр.
Анастасия Ермейчук, жәбірленуші:
-Сол күнгі оқиға қорқынышты түс сияқты. Топырақ астынан әрең шықсам, қасымда азан-қазан болып жатыр. Кішкентай қызымның бас киімін көріп, сол жерді қаза бастадық. Бірінші құлағын көрдім, сосын қолын шығардық. Оны тас басып қалыпты. Қызым әлі күнге дейін науқас. Ұзақ емделуі керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!