{metadescription}
Теміржолда талқандалған тағдырлар
Теміржолда талқандалған тағдырлар

Теміржолда талқандалған тағдырлар

Жыл басынан бері бір ғана Алматы облысында 14 адам пойыздың астына түсіп, 8-і мерт болған. Арнайы көпірлер болғанымен, заңсыз жермен жолды төтесінен өтетіндер де өкінішті статистиканы еселеп жатыр.Теміржол жанындағы аумақтарда арнайы қоршаулардың аздығы, бейнекамералардың жоқтығы бұл кілтипанмен күреске тосқауыл болып тұрғандай.

Бұл өлкеде пойыздар Батыстан Шығысқа, Шығыстан Батысқа жүйіткіп жатады. Бұл - Алматы облысында апат ең жиі тіркелетін Боралдай бекеті. Көпірге баруға кежегесі кейін тартқан көпшілік, қауіпке басын тігіп теміржолды кесіп өткенді құп көреді.

-Теміржолда баламен өтіп жатырсыз, қорықпайсыз ба өміріне?

Ажалға айдап баратыны да осы асығыстық болып тұр. Осыдан он күн бұрын ғана жас ана тепловоздың астында қалды. Сол секілді соңғы 9 айда айдын күннің аманында 14 адамды пойыз қаққан. Осы уақыт аралығында пойыздар 200 реттен аса шұғыл тежегіш басыпты.

-Асыққан адам, аңдаусыз қадам. Шойынжолды осылай кесіп өтетіндер қозғалысқа кедергі.  Пойыз шұғыл тежегіш басқанның өзінде тек 800 метрден кейін ғана тоқтай алады. Сондықтан, жолды қысқартам дегендердің көбіне өкінішке қарай өмірі қысқарып жатады.

Жетісу, Байсерке, Боралдай бекеттерінің жанында әлі күнге тұрғындарға арналған көпір салынбаған.

Сандуғаш Базарбаева, Боралдай кентінің тұрғыны:

-Осы жерде бір таныс әйел баласымен бірге қайтыс болды. Баласы стрелканың ортасында аяғы қалып қойды да, мамасы құтқара алмай өзі пойыздың астында қалды.

Жергілікті әкімдікке халық та, құзылы органдар да хат жазғанымен, «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» кері келіп тұр. Сол себепті адамдардың басын қатерге байлап жолды темір жолды кесіп өтуінен басқа амал жоқ.

Жазира Арынова, Алматы-1 ІІЖБ ӘПБ учаскелік полиция инспекторы:

-Арнайы өту орындары болмағандықтан, солай өтіп жатады. Пойыздардың астына түсіп жатады.  2018 жылдың 9 айы бойынша жалпы 28 бақытсыз жағдай орын алып отыр. Оның ішінде 14-і адамдарды басып кетуімен, оның ішінде 8-і өліммен аяқталып отыр. Бұл былтырғыға қарағанда біршама жоғары

Әкімдіктегілер бұқара базынасы құлақтарына жеткенін, жобалық-сметалық құжат дайын болды, бұйырса көпір құрылысын бастауға білек сыбана кірісеміз деп отыр.

Мақсат Орынбасаров, Іле ауданы әкімдігі Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

-Құрылысты биыл бастап, келесі жылы 6 ай мерзімінде бітіру керек. Бізге ҚТЖ тарапынан хат түскен жергілікті атқарушы органдардың өкілдерін арнайы комиссия құрамына қосыңыз деген.  Сол кісілер белгілеп жатыр қай жерге нақты қажет екенін.  

Бір көпірдің құрылысына орташа 84 млн теңге жұмсалады екен. Ал бұл өлкеге ондайдың кемі үшеуі қажет. Әзірге құрылысқа қаржыны Қазақстан темір жолы, әлде жергілікті әкімдік бөлетіні нақтыланып жатыр. Көпір бітпейінше көпшіліктің жанын шүберекке түйіп, теміржолды абайлап кесіп өтіп жүрулерінен басқа амал жоқ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде