Алматыда алапат өрттен тауарлары жанып кеткен саудагерлер шығындарын есептеп жатыр
Алматыдағы әйгілі Барахолканың маңында тағы да өрт! Бұл жолы «Адем» сауда орталығының артындағы қоймалардан өрт шыққан. Алаулан жалын бірнеше шақырым жерден көрінді. От 3000 шаршы метр аумақты шарпып, талай адам тауарынан айырылды. Ал ғимаратта түрлі тауардан бөлек бірнеше кеңсе орналасқан екен. Тілсіз жаумен күреске қаланың барлық өрт сөндірушілері жұмылдырылған. Оттың неден тұтанғаны әзірге белгісіз.
Автор: Әсем Лесбек
01.11.2018
Барахолканың маңында орналасқан мына қойма отқа оранды деген хабар өрт сөндірушілерге түскі екілер шамасында келіп түскен. Содан жалынды сөндіруге 78 өрт сөндіруші, 21 техника жұмылдырылыпты.
Сандуғаш Баймұхамбетова, Алматы қаласы ТЖД ресми өкілі:
- 5 минут аралығында өрт сарбаздары айтылған орынға жетті. Бұл қоймалардың Барахолкаға ешқандай қатысы жоқ.
Түстен бері өртенген қойманың қара түтіні бірнеше қашықтыққа дейін жетті. Ал нысанда түрлі теxника, азық-түлік өнімдері және бірнеше кеңсе болған.
Ерлан Жорабайұлы, қойма қызметкері:
-Балалар жүгіріп келді. Бірінші кеңсе өртеніп жатыр деді. Сосын қарасақ қойма өртеніп жатыр екен. Өрт сөндіргіш алып өшірейік десек кеш болып қалды.
Алапат өртің салдарынан біраз тауарынан айрылып, шығынға батқандар жетерлік. Әп-сәтте бар мүлкінен айырылған жұрт енді кімнен көмек сұрарын білмей дал. Ал қойма басшысы оқиға орнында төбе көрсетпеді.
-Қазір алапат өрт ауыздықталғанымен ғимаратты толықтай шарпыған қызыл жалынның түтіні әлі де шығып жатыр. Ал оның неден тұтанғаны әзірге белгісіз. Бірнеше тауар сақталған нысанның түгі қалмай күл болды. Енді осы төтенше оқиғаның себебі мен өрттен келген шығын көлемі анықталуда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!