Ақтөбеде балалар тегін үйірмелерге кіре алмауы мүмкін
Ақтөбеде білім беру мекемелерін жекеге беруге қатысты тағы да дау шықты. Бұған дейін ата-аналар балабақшаларды бизнесмендерге беруге қарсы шықса, енді оқушылардың шығармашылық үйін сенімгерлік басқаруға өткізуге наразы болып отыр. Өйткені жекенің қолына өтсе үйірмелерге тегін барып жүрген балалар орталыққа кіре алмай қалады деп қорқады.
Автор: Жаңалық Ахаш
01.11.2018
Қаланың қақ ортасындағы бұл үйді тәртіп сақшылары мен әкімдіктегілер таңнан бері торуылдап жүр. Өйткені оқушыларға арналған шығармашылық үйінің жекеге өтетінін естіген ата-аналар осында ағылған еді. Оларды шенеуніктер сабырға шақырғанымен, жетпіске тарта ата-ана мен орталық мамандары кетпей қойды.
Клара Құрманова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Төбемізден жай түскендей болып отыр. Әрбір ата-ана баласының келешегін ойлайды. Біз жекеге қарсымыз. Қалтамыз көтермейді оған оқытуға.
Шығармашылық үйіндегі үйірмелерге Ақтөбенің ескі бөлігі мен қала іргесіндегі бес ауылдың баласы қатысады. Себебі, тегін дәріс беретін бұдан өзге мемлекеттік мекеме жақын маңда жоқ. Бизнесмендерге берілетін болса, ақша төлеуге тура келеді деп қорқады.
Гүлжамал Шерқасова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Осы жерде тегін оқитын балалар бар. Олардың сөзсіз барлығы далаға кетеді. Бір үйде үш бала оқытатын ата-ана баласының біреуін ғана оқытар. Екеуі далада жүреді. Темекі тартады, арақ ішеді. Соны ойлайықшы.
Оқушылар сарайының ғимаратының өзі тарихи ескерткіш ретінде қорғауға алынған. Бір ғасыр бұрын салынған қос қабатты үй Ақтөбедегі алғашқы құрылыстың бірі. Тоқсан жыл бұрын пионерлер үйі аталып, кейін кеңес одағы ыдырағанда тек атауы ғана өзгерген.
Әлфия Нығматуллин, Ақтөбе қалалық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының директоры:
-Қалалық мәслихаттың сессиясына орталықты сенімгерлікке беру туралы ұсыныс түскен. Шығармашылық үйіміз Ақтөбеде ғана емес, ел бойынша оқушылар үшін ашылған алғашқы мекеме. Тоқсан жылдығымызды тойлағалы отыр едік. Ғимараттың өзіне 110 жыл болды салынғанына. Осыны ескеріп жекеге бере қоймас.
-Білім бөліміне қарайтын біраз мекемелерді бизнесмендерге сенімгерлікке беру туралы шешімді қала әкімі сәуірде-ақ қабылдаған еді. Алдымен балабақшаларды жекеге өткізбекші болды. Басын бастағанымен, ата-аналардың қарсылығынан соң оны тоқтатқан. Енді мектептен тыс жұмыс істейтін мекемелерге көшіпті. Оның арты не болары әзірге белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!