Павлодарлық бүлдіршінге шұғыл көмек керек
Құлақсыз туған! Павлодарда құлақ тесігі жоқ бүлдіршіннің ата-анасы жұрттан көмек сұрап отыр. Ерлі-зайыпты Омарбековтердің айтуынша, 3 жасар Дәрияға отандық дәрігерлер «микротия» деген диагноз қойған. Бірақ олар елімізде мұндай кемістікпен туған сәбилерге ота жасалмайтынын айтыпты. Ал былтыр Астанаға келген америкалық ақхалаттылар бүлдіршіннің бас сүйегін тесу арқылы есту жолын ашып береміз деген. Қымбат отаның жарты ақшасын өздері жинаған отбасы енді атымтай жомарттардан көмек сұрауға мәжбүр.
Автор: Әйгерім Шакаманова
01.11.2018
3 жасар Дәрия бір көрген адамға сап-сау бала. Бүлдіршін өлең айтып, ән салғанды жақсы көреді. Бірақ болашақта бұл әуестігімен айналысар-айналыспасы әзірге белгісіз. Өйткені оның оң жақ құлағының қалқаны болғанымен, есту жолы мүлдем жоқ. Мұндай кемістікпен туған қыздың анасы бұған экология ықпал еткеніне сенімді.
Динара Омарбекова, Дәрияның анасы:
- Баланың бұлай тууына жергілікті экология әсер етті деп ойлаймын. Өйткені күйеуім екеуміз шылым шегіп,ішімдік ішпейміз. Ол дзюдомен, мен таэквондомен айналысам. Барған дәрігерлердің бәрі мұның нақты неден болғанын айта алмайды. Қызымның оң жақ құлағында есту жолы жоқ.
Осылай деген ата-ананың айтуынша, кішкентай Дәрияға отандық ақхалаттылар микротия деген диагноз қойған. Сондай-ақ, оң жақ құлағында есту жолының болмауына байланысты сау құлағына ауыртпалық түсіп, кейін бұл көру қабілетіне де әсер ету мүмкін деген. Ал былтыр елордаға келген америкалық дәрігерлер, Дәрияның емдеу үшін тездетіп ота жасау керектігін айтыпты. Оның құны – 85 мың АҚШ доллары.
Нұрлан Омарбеков, Дәрияның әкесі:
-Бүгінгі күнде бізде 40 мың доллар жиналған.Операцияның құны – 85 мың доллар.Әр ата-ана өз баласына жақсылық ойлайды. Енді біздің қолымыздан келетіні осылай ақшаны жинап жатырмыз.
Сөйтсе, америкалық дәрігерлер мұндай диагнозбен туған сәбилер 3 жасқа толған кезде бас сүйегін тесіп, есту жолын жасап береді екен. Бұған қоса, Дәрияның құлақ қалқанын оның арқасынан тері алу арқылы түзеп береміз депті. Сондықтан отбасына кешікпей мұхит асып, АҚШ-қа жетуге кеңес берген. Отаға қажет соманың жартысын іздеп тапқан Омарбековтар әулеті енді қалған 45 мың долларды жомарт жандардың көмегімен жинауға үмітті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!