Қарағанды облысында із-түссіз жоғалған адамның атынан әлдекімдер медициналық тексерістен өтіп келген
Қарағанды облысындағы Ақтау кентінде 7 жыл бұрын із-түссіз жоғалған адамның жергілікті емханада ұдайы медициналық тексерістен өтіп жүргені анықталды. Туыстары мен полиция табанынан тозып таба алмай жүрген Виктор Дорофеевтің жыл сайын дәрігерлердің бақылауынан өткені туралы анықтамалар бар. Туыстары оның ауылдағы тірі жанның көзіне түспей, емханаға анализ тапсыруы мүмкін емес дейді.
Автор: Саят Сабдалы
02.11.2018
Биыл 70-ке толуы тиіс Виктор Дорофеев Ақтаудағы өндіріс орынында жұмыс істеп, жоғалардың алдында ғана зейнетке шығыпты. Үйленбеген, бала-шағасы жоқ. Туыстары оны соңғы рет 2011 жылдың 11-ші қыркүйегінде көрген.
Сергей Дорофеев В. Дрофеевтің інісі:
-Күндіз үйінде болмаған. Кешке барсам, есігі тағы жабық тұр. Солай екі-үш күн өтті. Жоғалатын күні ауылдағы бір келіншек оның Теміртауға баратын автобусқа мініп жатқанын ғана көрген. Үстінде жеңіл киім ғана, тіпті құжаттарын да алмаған.
Содан бері оны полиция да, тіпті телебағдарламалар арқылы іздеу жариялаған туыстары да таба алмаған. Көрдім-білдім деген ешкім жоқ. 7 жыл өткен соң жақындары Викторды өлді деп тану үшін сотқа арызданыпты. Алайда туыстарының іздеу салған құжаттары мен полицияның анықтамасын сот қараусыз қалдырған. Себебі, Виктор Дорофеев іздеуде жүрген жылдары ауылдағы емханадан медициналық тексерістен өткені туралы анықтамалар табылған.
Маргарита Дорофеева В. Дорофеевтің туысы:
-Бұл жағдайды неге полиция емес, сот анықтап отыр. Сондықтан олардың іздегендеріне де үлкен күмән бар. Екіншіден, оның іздеуде жүгенін ауыл дәрігерлері жақсы беледі. Скринингке келген болса, полицияға неге хабарламаған? Тым құрығанда емханаға келсе, шағын ауылдың тұрғындары оны неге көрмеген?
Виктор Дорофеевтің 2014 және 2016 жылы келіп-кетіп жүрген емханасы осы. Бірақ оны дәрігерлерден өзге тірі жан көрмеген болып отыр.
-Құжаттарға сенсек, Виктор Дорофеев өз денсаулығына аса қатты мән бергенге ұқсайды. Мәселен мына кабинетте ол қанын талдауға тапсырса, мына бөлмеге зәрін тексеруге өткізіпті. Тіпті ол іздеуде жүрген жылдары флюорографияға да түсіп үлгерген.
Ол өз алдына, қария мұнда қуық безін де емдетіп кетіпті. Мұндағылар ол жылдары жұмыс істеген дәрігерлер басқа жерлерге ауысып кеткен деп ақталады.
Алтынай Есқалиева, Теміртау қалалық №4 емханасының директоры:
-Бұрынғы дәрігерлер қазір мұнда жоқ. Пациент келген де шығар, оны мен білмеймін ғой. Ем қабылданды деген құжаттар бар екен. Бірақ мен қазір нақты ештеңе айта алмаймын. Ішкі тексеріс басталды. Бәрін жіті тексереміз.
Дей тұрғанмен, денсаулық сақтау министрі әр пациент үшін мемлекет қаржысын алатын дәрігерлердің көрсеткіш қуатынын мойындаған болатын. Сондықтан, денсаулық кодексіне өзгерістер дайындап жатқанын айтқан. Ал жоғалған Виктордың жақындары осы тұрғыда полицияға арыз түсірді. Дәрігерлердің ісіне енді олар да араласуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!