Алматының элиталық ауданындағы коттедж қалашығында бір аптадан бері жарық жоқ
Тұрғындар оның себебін түсінбей дал. Олардың айтуынша, шаһардағы жарыққа ең қымбат төлейтіндер де солар. Бір киловаты-30 теңге. Сонымен қатар, саяжайда жол мен су да жоқ. Соңғы алты жылдан бергі жағдайлары осындай.
Автор: Асқарбек Қазанғап
02.11.2018
«Қайрат» ықшамауданы қаланың ішінде болғанымен, коммуналдық қызметі ақсап тұр. Элиталық коттеджге апаратын жол жоқ. Кезекті рет жарықсыз қалғанда жұрттың сабыры сарқылғандай. Ашуға булықты.
Өсербай Әлиев, Алматы қаласының тұрғыны:
-Алматыдағы ең қымбат жарық бізде. Әйтпесе, бір киловатқа 30 теңге төлеу деген не масқара? Айына 20 мың теңге кетеді. Ал жағдайымызға келсек, құдды бір ауылда тұрып жатқандаймыз.
Жеті жыл бұрын жер алған жұртқа әкімдік коммуникацияның барлық көзін тартамыз деп уәдені үйіп төккен көрінеді. Бірақ, әлі күнге дейін не орталық қазандық қойылмаған , не көшеге жарық тартылмаған.
Нелли Михеева, Алматы қаласының тұрғыны:
-Пеш жұмыс істемейді. Үй салқын. Балалар тоңып жатыр. Біз тұрған осы алты жылдың ішінде әкімдік бір қарамады. Бәрін не үшін өзіміз істеуіміз керек?
Атқамінерлер болса, тұрғындарды даурықпай сабырмен күтулерін сұрайды. Жоспар бар. Алдағы уақытта бәрі жөнге келеді дейді.
Айдос Бекетаев, Түрксіб ауданы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
-Аталған ауданда түйткіл бары рас. Ол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Электр жүйесін жөнге келтіру бойынша өтініш жазып қойдық. Ал, су келер жылы толықтай тартылады деген жоспарымыз бар.
Қырық шақырымға созылатын су құбыры жүргізілгеннен кейін ғана, әкімдік жолға кіріспек. Оған дейін тұрғындардың батпақты таптап жүрулерінен басқа амал жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!